Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин елдегі туризм саласындағы шешімін таппай келе жатқан мәселелерді атады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Мәжілісмен осы мәселеге қатысты сауалын Премьер-министр Олжас Бектеновке жолдады.
Депутат атап өткендей, туристік салада орындардың жетіспеушілігі, демалу құнының көпшілікке қолжетімсіз болуы, бағаға сапаның сай болмауы, сервистің нашарлығы және инфрақұрылымының жетіспеуі айтыла-айтыла жауыр болды.
Жаңбыршиннің мәліметінше, қазіргі таңда әлемдік жалпы өнімдегі туризмнің үлесі 9 пайыздан асқан. Ал еліміздегі туризмнен түсетін табыс мардымсыз. Кейінгі төрт жылда экономика құрылымындағы туризмнің үлесі едедәуір азайып, небәрі 3% пайызды құрап отыр. Бұл әлемдегі орташа көрсеткіштен үш есе төмен.
Депутаттың айтуына қарағанда, дүниежүзіндегі жұмыс орындарының шамамен 10 пайызы туризмге тиесілі екен. Яғни бұл әрбір төртінші жұмыс орны осы салада ашылып жатқанын білдіреді.
Мұны күні кеше ел Президенті туризмді дамыту жөніндегі кеңесте ашық айтып, оңтайлы географиялық орналасуымыз, алуан түрлі табиғатымыз, бай әрі бірегей тарихи-мәдени мұрамыз бар екеніне қарамастан, туризм саласындағы әлеуеттің толық пайдаланылмай отырғанын қатаң сынға алды.
Мемлекет тарапынан туристік бизнесті оңтайлы қолдаулардың жоқтығын жасырмау керек. Мысалы, елімізде мал шаруашылығын, өңдіріс саласын қаржылай қолдайтын неше түрлі институттар мен бағдарламалар бар. Алайда туризм бизнесін дамытуға бағытталған нақты бір қаржы көзі жоқ, ал банктер бұл саланы қаржыландыруға құлықсыз. Сонымен қатар инфрақұрылымның жетіспеушілігі, яғни жөндеу көрмеген сапасыз жолдар мен көлік қатынасының қиындығы шалғайда орналасқан туристік орындарға жетуді өте қиындатып отыр. Шұрқ-тесік жол қажытқан жолаушылардың демалыстан алған әсері су сепкендей басылып, енді қайтып онда келгісі келмей қалады, - деп айтты Еділ Жаңбыршин.
Басқасын былай қойғанда, әйгілі Алакөлге апаратын жолдың өзі әлі толық жөнделіп бітпей жатыр. Сонымен қатар жазда демалушылар легі көп болғандықтан, пойыздарға билет тапшы.
Оған қоса, жолаушылар вагондарының да көбінің тозығы жеткен. Ал туристік санаттағы пойыздар атымен жоқ. Туристерді таситын автобустарды ұмытқанымыз қай заман?! Ал ұшақтар бағасы да аспандап, қарапайым демалушыларға қолжетімсіз болып тұр. Еліміздегі әуе тасымалында лоукостерлердің үлесі 21 пайыз-ақ екен. Мысалы, Грузияда лоукостерлер 56 пайызды құрайды, - деп есептейді депутат.
Ол азаматтық авиация саласы осы мәселені де ойластырғаны жөн деп санайды.
Депутат Үкіметке мынадай ұсыныстар жасады:
1. Дәстүрлі ауылшаруашылығымызды этно, эко және гастрономиялық туризм нысандарына айналдыру бойынша қолдаулар көрсету. Өйткені қазір бұзылмаған табиғат пен таза тамақ өнімдеріне сұраныс артып келеді.
2. Туризм саласын несиелендіруге арналған бағдарлама жасап, қаржы институттарын анықтау;
3. Жыл аяғынан дейін Мемлекет басшысы айқындағы туристік аймақтардың әр қайсысынан кемі үш ауқымды жаңа жобаларды анықтап және құрылысын бастау;
4. Биылдың аяғына дейін Мәжіліске келіп Президенттің туризм саласына байланысты берген тапсырмаларының орындалысы туралы есеп беру.