Той иелеріне 21 млн теңге шамасында айыппұл салынды

17 Қазан 2020, 19:45
28911
Бөлісу:
Той иелеріне 21 млн теңге шамасында айыппұл салынды
PHOTO
Фото: автордан

Тараз, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Тараз қаласында арнайы қоғамдық бақылау тобы рейдке шығып, тойханаларды аралады. Құрамында төтенше жағдай, полиция, БАҚ қызметкерлері бар топты Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Ержан Жылқыбаев бастап жүрді.

Рейд барысында топ мүшелері Жамбыл даңғылында орын тепкен мейрамханаға барды. 

Тойхана иесі қонақтарды кіргізіп болған соң, сыртқы есіктерінің барлығын бекітіп тастапты. Есіктердің құлыптарын Тараз қаласы әкімінің орынбасары Алмас Садубаевтың рұқсатымен бұзып кірген топ мүшелері 80 адамдық тойдың үстінен түсті.

Той иелеріне 21 млн теңге шамасында айыппұл салынды

Оқиға кезінде той иесіне түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, тойхана иесіне хаттама толтырылды. Бұл құжаттың аясында оған 640 мың теңге шамасында айыппұл салынды.

Бірнеше күннен бері осындай рейдтер жүргізу үстіндеміз. Той жасаушылар да, тапсырыс қабылдап жатқан кәсіпкерлер де азаяр емес. Бірінші рет той ұйымдастырғандарға түсіндіру, ескерту шараларымен шектеліп, екінші, үшінші рет той жасағандарға айыппұл салып, кәсіпкерлік нысандарын жабу туралы шешім шығарып жатырмыз, - деп атап өтті Тараз қаласы әкімінің орынбасары Алмас Кәдірбекұлы.

Қоғамдық бақылау тобы содан соң облыс орталығындағы бірқатар мейрамхана мен тойханаларын аралап, үйлену тойы, құдалық, ас сияқты 100-200 адам аралығында қатысқан жиындарды тіркеді. Той, тойхана иелеріне тәртіпке сай түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, хаттама толтырылды. Ескерту беріліп, айыппұл салынды.

Алмас Садубаевтың сөзіне қарағанда, Тараз қаласында бүгінде 11 бақылау тобы жұмыс істеуде. Олар қалалық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының 10 қазан күнгі қаулысын негізге алып, бүгінгі күнге дейін 1284 нысанды тексеріпті. Шара барысында 94 хаттама толтырылып, 10 972 120 мың теңге көлемінде айыппұл өндірген.

Ал кешелі бері 33 құжат толтырып, жұмыс барысында шашамен 21 073 000 теңге айыппұл салынды, - деп атап өтті ол.

Топ құрамында жүрген, Жамбыл облыстық полиция басқармасы басшысының бірінші орынбасары, полиция полковнигі Бақыт Ратаев медициналық маскасыз қоғамдық орында жүрген тұрғындарға тексеріс жүргізілгенін айтты. Тараз қалалық полиция басақармасы №1 полиция бөлімінің жергілікті полициясы қалалық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасына барлығы 86 құжат тапсырған екен. Алайда, тапсырылған құжаттардың 66-ы кері қайтарылған. Бұған құжаттардың толық еместігі, видео дәлелдеменің жоқтығы, тұлғалардың тұрақты мекен-жайы қалада еместігі себеп болған.

Той иелеріне 21 млн теңге шамасында айыппұл салынды

Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Ержан Жылқыбаевтың сөзінше, қауіпті індеттің болуы мүмкін екінші толқынына әзірлік барысының маңыздылығын, қауіпсіздік шараларын барынша сақтау қажеттігін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та ескерткен. Өйткені, коронавирустың алғашқы кезеңінде жауапты ведомстволар, яғни мемлекеттік билік біршама қателіктерге жол бергендігі рас. Соның салдарынан көптеген замандастарымыздан айырылып, қара жамылған күніміз көп болды.

Той иелеріне 21 млн теңге шамасында айыппұл салынды

Мұндай қателіктерді қайталайтын болсақ, халық бізді кешірмейді. Мұны үнемі айтып жүремін. Мемлекеттің басты байлығы – адам, оның денсаулығы. Қазіргі таңда барлық қауіпсіздік шараларын жасап жатырмыз. Медициналық мекемелеріміздің жұмысы, дәрі-дәрмек қоры, денсаулық сақтау саласына қатысты құрылғылардың жеткіліктілігі үнемі назарымызда және толықтырылуда. Бұған қыруар қаражат бөліну үстінде мемлекет қазынасынан, - деді Ержан Жұматұлы.

Той иелеріне 21 млн теңге шамасында айыппұл салынды

Өңір басшысының орынбасары адамдарымыздың денсаулығына мемлекет қана емес, өзіміз де жауапты екенімізді жеткізді. 

Аурудың күрт таралып кетпеуіне азаматтарымыз да үлес қосуы тиіс. Тәртіп пен талапты сақтасақ қана, дертті ауыздықтай аламыз.

Той иелеріне 21 млн теңге шамасында айыппұл салынды

Рейд барысында осыны той иелеріне де, тойхана иелеріне де түсіндіріп бақтым. Алғаш рет той ұйымдастырғандарға ескерту берілді, қайталағандарға 640 мың теңге көлемінде айыппұл салынды. Әлбетте, аз қаражат емес. Десе де тәртіп пен талапты сақтау үшін осындай қадамға баруымызға тура келді. Өйткені, адам, оның денсаулығы – мемлекеттің басты байлығы. Оған қауіп төндіруге ешкімнің құқы жоқ, - деді Ержан Жылқыбаев.

Өзгелердің жаңалығы