Той-думанды тоқтатыңыздар – Қайрат Жолдыбай

18 Шілде 2020, 19:18
2329
Бөлісу:
Той-думанды тоқтатыңыздар – Қайрат Жолдыбай

Алматы, BAQ.KZ. Дінтанушы Қайрат Жолдыбай қазіргі індетке байланысты үндеу жасады.

Ол өзінің Facebook-тегі парақшасына қазір той-томалақты доғарып, халықты жаназаға бармай тұра тұруға шақырды. 
Қазір жаназа көбейді. Қаралы хабарды естіп жүрегіміз ауырып, көңіліміз құлазып, қабырғамыз қайысуда. Өкінішке қарай әлі күнге дейін ауылдарда, тіпті қалада құдалық сияқты той-томалақ әлі үзілмей тұр. Жалғасып жатыр, соны доғарыңыздар. Болмайды. Сіздер қуаныш жасап сауал аламыз деген кезде ол күнәға айналып кетіп жатыр. Себебі сол қуанышқа келген кісілердің арасынан осынау дертке шалынып, қаншама адам мына дүниемен қоштасып жатыр. Сондықтан құдалықты, тойды доғарыңыздар, - деді ол. 
Сонымен қатар, ол қазір жаназа көп екенін айта келе ондай рәсімге уақытша бармай тұра тұрған жөн екенін айтты. 
Ет жақыны болмасаңыздар жаназа рәсіміне бармаңыздар. Былайғы уақытта жаназаға бару мұсылмандық сауапты іс болса, дәл осындай індет жағдайында үйде отырып, өліге құран бағыштап, дұға жасап отыру сауапты. Аз ғана қазақ қырылып қалмасын десек той-думанды тоқтатыңыздар, - деді Қ. Жолдыбай.


Өзгелердің жаңалығы