Бүгін төтенше жағдайлар вице-министрі Марат Күлдіков Шығыс Қазақстанның жұртшылығымен кездесіп, бір топ азаматты жеке мәселелері бойынша қабылдады деп хабарлайды өңірдегі BAQ.KZ тілшісі.
Іс-шараға қала кәсіпкерлері, еріктілер, сала ардагерлері, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері де қатысты. Кездесуде өңірдегі төтенше жағдайлардың алдын алу, сала органдарына жұмысқа орналасу секілді түрлі өзекті мәселелер талқыланып, сұрақтарға жауап берілді.
Марат Күлдіков министрліктің жыл басынан бергі қызметі және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, су тасқыны қаупін азайту, өрттердің, апаттар мен төтенше жағдайлардың алдын алу, оның ішінде қауіпті өндірістік объектілердегі іс-шаралар туралы айтты. Азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесі жөнінде хабардар етті.
Республика бойынша іс-шаралар кешені тұрақты жүргізілуде, олар – су тасқыны, сел, жер сілкінісі қаупін азайту, өрттердің алдын алу, қауіпті өндіріс орындарындағы авариялардың алдын алу, сондай-ақ азаматтық қорғау жүйесінің жұмысын қамтамасыз ету. Нәтижесінде он ай ішінде өңірде төтенше жағдайлар кезінде қаза тапқандар саны 28,9%-ға азайды. Бұл ретте 1100-ден астам төтенше жағдай тіркелгенін атаған жөн. Департамент бөлімшелері 6 мыңнан аса оқиға орындарына шығып, 1052 адамды құтқарды және эвакуациялады, – деп атап өтті вице-министр.
Әрі қарай Марат Күлдіков азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, БАҚ өкілдері үшін брифинг өткізді.
Жұмыс сапары барысында вице-министр Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің ғылыми кітапханасына барды. Өңірдің құтқарушылары су тасқынын болжау және көшкін қауіптілігінің автоматтандырылған жүйесін енгізу саласында кітапхана қызметкерлерімен тығыз қарым-қатынаста.
«Қазселденқорғау» филиалында Марат Күлдіков көшкін қаупі бар кезеңдегі профилактикалық іс-шараларға мамандардың назарын аудара отырып, алдағы қысқы кезеңді талқылады.
Облыста автожолдар мен елді мекендерге қатер төндіретін 325 көшкін қаупі бар учаске тіркелген. Оларды мұқият бақылап, жерден және әуеден тексерулерді жалғастыру керек. Қардың көшу қаупі төнген кезде профилактикалық түсірулерді жедел ұйымдастыру қажет, – деді М. Күлдіков.
Ол, сондай-ақ, №8 өрт сөндіру бөліміне барып, жеке құраммен кездесті, әңгіме барысында өрт сөндірушілердің жалақысын көтеру және әлеуметтік жағдайларын жақсарту тақырыбы қозғалды.
Марат Күлдіков жаңа өрт сөндіру депосын салу үшін бөлінген жер учаскесінде де болды. Телім Өскеменнің қарқынды дамып келе жатқан ауданында орналасқан. Бұл аумақта көпқабатты тұрғын үйлер мен ғимараттар көптеп салынуда, сондықтан депо қажетті жабдықтармен және техникамен жарақтандырылып, 34 мыңға жуық азаматтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуі тиіс.
Вице-министрдің жұмыс сапары Өскеменде тұрғызылған және Қазақ мемлекетінің қалыптасу тарихын бейнелейтін Тәуелсіздік монументіне барумен аяқталды.