Қарағанды облысының Петровка ауылында 14 жастағы мектеп оқушысын көлік қағып, қыз оқиға орнында көз жұмды. Алдын ала мәлімет бойынша, рөлде болған әйел жол-көлік оқиғасынан кейін тоқтамай, оқиға орнынан кетіп қалған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Жол-көлік оқиғасын редакция сауалына жауап берген Қарағанды облыстық Полиция департаменті растады.
Алдын ала мәліметке сәйкес, қайғылы жағдай 17 қазан күні кешкі сағат 21:00 шамасында болған.
Сол күні қыз серуендеп жүріп, үйіне қайтқан. Жолдан өтіп бара жатқан сәтте оны көлік қағып кеткен. Ауыл тұрғындарының айтуынша, елді мекенді республикалық маңызы бар тасжолмен жалғайтын бұл аумақта көше жарығы жеткіліксіз, жаяу жүргіншілер өткелі де жоқ. Оған қоса, жол бойына орнатылған бейнебақылау камерасы жұмыс істемейді.
Куәгерлердің айтуынша, жақын маңдағы үйлердің тұрғындары алдымен тежегіштің шыңғырған дауысын, артынша қатты соққыны естіген.
Ангелина оқиға орнында жан тапсырған. Ауыл тұрғындарының сөзінше, көлік тізгінінде Теміртаудан Ботақараға күн сайын жұмысқа қатынайтын әйел болуы мүмкін. Соққыдан кейін көліктің алдыңғы мемлекеттік нөмірі оқиға орнында қалып қойған деген болжам бар. Біраз уақыттан соң көлік иесі де сол жерге қайта келген.
Полиция бұл оқиғаға байланысты бірден екі бап бойынша қылмыстық іс қозғағанын жеткізді. Біріншісі – абайсызда адам өліміне әкеп соққан жол қозғалысы ережелерін бұзу, екіншісі – жүргізушінің жол-көлік оқиғасы болған жерден кетіп қалуы. Дегенмен әйелді ұстау немесе күдікті деп тану туралы шешім сараптамалар аяқталғаннан кейін қабылданады.
Қазіргі уақытта қылмыстық істер бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Жүргізушінің кінәсін анықтау үшін қажетті сараптамалар тағайындалды. Олардың қорытындысы бойынша тиісті іс жүргізу шешімі қабылданады, – деді Қарағанды облысы Полиция департаментінің жол-көлік оқиғаларын тергеу бөлімінің бастығы Нұрлан Аманжолов.
Тағайындалған сараптамалар көліктің нақты қандай жылдамдықпен жүргенін және қайғылы жағдайдың алдын алуға мүмкіндік болған-болмағанын анықтауға тиіс. Тергеу аяқталғанша көлік айып тұрағына қойылды.
Полиция өкілдерінің мәліметінше, аталған баптар бойынша тараптардың татуласуына жол берілмейді. Егер жүргізушінің кінәсі дәлелденсе, оған бес жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін.