Төрегелді Шарманов: Қант – халық денсаулығының жауы

20 Қыркүйек 2022, 17:01
5230
Бөлісу:
Төрегелді Шарманов: Қант – халық денсаулығының жауы
Фото: Төрегелді Шармановтың Facebook парақшасынан

Нутрициолог ғалым, ҚР ҰҒА мен РМҒА академигі, Қазақ тағамтану академиясының президенті Төрегелді Шарманов қазақтың дәстүрлі ұлттық тағам өнімінде қант болмағанын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Ауырып, ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген халқымыздың дана сөзі бүгінгі әлемдік денсаулық сақтау саласының профилактикалық бағытына дәл келетіндей. Себебі интернет заманында әр адам толассыз ақпарат легінен керегін іздеп тауып, сан алуан мағлұматпен танысып, түрлі аурулардың алдын алуға толық мүмкіндігі бар, – деп жазды Төрегелді Шарманов Facebook парақшасында. 

Академиктің айтуынша, әлемдегі барлық өлім-жітім санының 60 пайызы – дұрыс тамақтанбаудан. Дұрыс тамақтану арқылы көптеген аурулардың барысын жеңілдетіп, асқынуына шек қойып, жаңа жағдайлардың туындауына жол бермеуге болады дей келе, нутрициолог ғалым салауатты тамақтану өнімдерінің маңызы зор екенін атап өтті.  

Салауатты өнімдер туралы қалыптасқан түсінігіміз қаншалықты орынды? Мысалы, қант қосылған сүт өнімдерін – түрлі йогурттерді қалыптасқан дағдымызға сай балаларға ұсынған кезде олардың денсаулығына қаншалықты пайда немесе зиян әкелетіні жайлы ойлана бермейміз. Сондықтан осы «тәтті» қанттың «ащы» зардабын татамыз. Жалпы, «тәтті» деген түсінікті қанттың дәмінен ажырату қажет. Қант – зиянды және уытты заттек, химия өнеркәсібі заманының жанама әсері мол, жасанды туындысы. Демек «қант – халық денсаулығының жауы» деп айтуға толық негіз бар. Бұрынғы заманда қазақтар құртты, ірімшікті қант қоспай әзірлеген. Қазақтың дәстүрлі ұлттық тағам өнімінде қант болмаған, – деді академик. 

Төрегелді Шарманов әр тағамның ұнамды табиғи дәмі болатынын, мысалы, бие сүтінде лактозаның мөлшері 1,5 есе көп болғандықтан, одан жасалған өнімдердің ұнамды тәттілеу дәмі бар екенін айтты.  

Бие сүті – құрамында зиянды трансмай қышқылдары болмайтын, табиғатта кездесетін жалғыз сүт көзі. Сиыр сүтінде 8 пайызға дейін трансмай қышқылдары кездеседі. Ал сұйық майды технологиялық өңдеу барысында аталған зиянды трансмай қышқылдары түзіледі. Бие сүтінің ақуыздары нәзік альбуминді тектес келеді, бұл дегеніміз оның сиыр сүтіне қарағанда (оның ақуыздары – казеинді тектес – ауырлау) жеңіл сіңімділігін көрсетеді, – деді Қазақ тағамтану академиясының президенті. 

Ғалымның сөзінше, сиыр, ешкі, түйе сүттеріне қарағанда, бие сүтінің жоғары биологиялық құндылығы алдымен, оның ақуызының ерекше сипатына, май қышқылы құрамына, С дәрумені мен лизоцимнің айрықша жоғары деңгейлеріне байланысты, 

Бие сүті табиғатының ана сүтіне жақын болуы оның ғажайып жаратылысын білдіретіндей. Олардың барлығы ағзаның иммундық-антиоксиданттық қорғанысын қамтамасыз етеді. Сондықтан бие сүті ағза тіршілігінде өзекті рөл атқарады. Жүрек-қан тамыры және жүйке жүйелерінің жұмыстарын реттеуге қатысады, қабынуға қарсы әрекет етеді, жұқпалы емес аурулардың дамуына тосқауыл болады, – деп жазды Төрегелді Шарманов. 

Өзгелердің жаңалығы