Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Пәкістанға мемлекеттік сапары аясында трансафгандық теміржол жобасының маңызы күн тәртібіне шықты. Сарапшылар бұл бастама Қазақстанға Оңтүстік Азия мен Араб теңізіне шығатын жаңа көлік-логистикалық бағыт ашуы мүмкін екенін айтады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қазақстан мен Пәкістанды не байланыстырады?
Қазақстан мен Пәкістан дипломатиялық қатынастарды 1992 жылы орнатты. Пәкістан тәуелсіз Қазақстанды алғашқылардың бірі болып таныған мемлекеттердің қатарында. Осы уақыт ішінде екіжақты байланыс біртіндеп дамып, саяси сенім деңгейі қалыптасты.
Екі ел арасындағы саяси байланыс тұрақты сипатқа ие. Министрлік деңгейіндегі келіссөздер, сыртқы саяси консультациялар және ресми кездесулер жүйелі түрде өткізіліп келеді.
3-4 ақпан күндері Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Пәкістанға мемлекеттік сапармен барады. Сапар аясында Пәкістанның Президенті мен Премьер-министрімен кездесулер, сондай-ақ екі елдің іскер топтарының қатысуымен бизнес-форум өткізу жоспарланған.
Қазақстан мен Пәкістан арасындағы сауда-экономикалық байланыс біртіндеп жанданып келеді. 2025 жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 80 миллион АҚШ долларынан асты.
Қазіргі таңда Қазақстан аумағында пәкістандық капиталдың қатысуымен 200-ден астам компания жұмыс істейді. Сонымен қатар кәсіпкерлер арасындағы тікелей байланыстар нығайып, сауда-өнеркәсіп палаталары деңгейінде диалог дамып келеді.
Алдағы сапар барысында Қазақстан мен Пәкістан арасында теміржол байланысын нығайтуға бағытталған ірі келісімге қол қойылуы мүмкін. Бұл бастама Орталық Азия мен Оңтүстік Азия арасындағы транзиттік дәліздерді дамытуға және екі ел арасындағы тауар тасымалын ұлғайтуға жол ашпақ.
Қазақстан мен Пәкістан өңірлік және халықаралық ұйымдар шеңберінде де өзара іс-қимылды күшейтіп келеді. Екі ел Шанхай ынтымақтастық ұйымы және ECO аясында Орталық және Оңтүстік Азияны байланыстыратын интеграциялық жобаларды ілгерілетуге мүдделі.
Саясаттанушы пікірі қандай?
Қазақстан мен Пәкістан бірлесіп, Оңтүстік Азия мен Араб теңізіне апаратын теміржол жобасы жаңа геоэкономикалық көкжиек ашады. Бұл туралы Шығыстанушы Жанат Момынқұлов айттты.
Президенттің Пәкістанға мемлекеттік сапары аясында Қазақстан мен Пәкістан арасындағы стратегиялық әріптестік пен өзара сенім жоғары деңгейге көтеріліп, көлік-логистикалық ынтымақтастық алдыңғы қатарға шықпақ. Әсіресе Орталық Азияны Оңтүстік Азиямен байланыстыратын трансафгандық теміржол (CASA) жобасы мүдделі елдердің қызығушылығын айқын көрсетті. Логистикалық қыспақта, тығырықта қалған аймақ үшін Пәкістан бағыты үлкен геоэкономикалық мүмкіндіктер ашады, - дейді ол.
Трансафгандық дәліз – екі аймақты жалғайтын теміржол торабы. Жоба Қазақстаннан Түрікменстан – Ауғанстан шекарасындағы Тургунди елді мекені арқылы басталып, Ауғанстан аумағындағы Герат – Кандагар – Спин-Болдак бағытымен Пәкістанның Чаман нүктесіне дейін жалғасатын теміржол құрылысын қамтиды. Құны шамамен 7 млрд доллар деп бағаланған жоба Орталық және Оңтүстік Азияны байланыстыратын аса маңызды инфрақұрылымдық буын болмақ.
Спин-Болдак арқылы өтетін логистикалық бағыттар Пәкістанның Карачи және Гвадар порттарына ұласып, одан әрі Үнді мұхиты арқылы Біріккен Араб Әмірліктері, Парсы шығанағы және Африка бағыттарына жүк тасымалдауға мүмкіндік береді. Бұл Қазақстан үшін Үнді мұхитына шығатын тікелей әрі баламалы экспорттық маршруттарды қалыптастыруға жол ашады.
Бұл бастама халықаралық қаржы институттары мен инвесторлар үшін де қызығушылық тудырып отыр. Жобаға серіктес ретінде Біріккен Араб Әмірліктері мен Ауғанстан тартылуда. Қазақстан тарапы БАӘ-нің Энергетика және инфрақұрылым министрлігіне үшжақты меморандум жобасын жолдап, құжатқа 2026 жылғы ақпанда қол қоюды жоспарлап отыр. Құрылыс жұмыстарын үш жыл ішінде аяқтау көзделген, - дейді саясаткер.
Одан әрі сарапшы Ауғанстан аумағындағы теміржол желілерін салу үшін шамамен 500 млн доллар инвестиция салу жоспарланып отырғанын айтады. Жоба толық іске асқан жағдайда Қазақстан мен Оңтүстік Азия елдері арасындағы тауар айналымы 14 млрд долларға дейін жетуі мүмкін деген болжам бар.
Қазақстан үшін бұл бағыт экспорттық және транзиттік маршруттарды әртараптандыруға, теңізге тікелей шыға алмайтын ел ретіндегі геоэкономикалық шектеулерді азайтуға, сондай-ақ Орталық Азияның транзиттік әлеуетін күшейтуге мүмкіндік береді. Трансафгандық теміржол Қазақстанның көпвекторлы сыртқы саясаты аясында жаңа экономикалық тірекке айналуы мүмкін. Пәкістан Орталық Азия елдерімен, әсіресе Қазақстанмен ынтымақтастықты дамытуға мүдделі. Исламабад үшін де бұл жоба стратегиялық маңызға ие. Жаңа теміржол желісі Пәкістанды Орталық Азия елдерімен тікелей байланыстырып, елдің порттық инфрақұрылымын өңірлік логистикалық хаб ретінде нығайтады. Бұл сауда айналымын ұлғайтып, транзиттік табысты арттыруға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда теміржол саласындағы екіжақты келісімдер пысықталуда. Аймақтық тұрғыдан алғанда, трансафгандық теміржол жобасы Қазақстан, Түрікменстан, Ауғанстан және Пәкістанды біртұтас логистикалық кеңістікке біріктіреді. Бұл Орталық Азияны тұйық аймақтан Еуразия мен Оңтүстік Азия арасындағы маңызды транзиттік көпірге айналдыруға мүмкіндік береді, - дейді ол.
Сарапшылардың пікірінше, бұл жоба аймақтағы санкциялық, логистикалық және геоэкономикалық тәуекелдер жағдайында баламалы маршруттардың маңызын арттыруы мүмкін.