Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты ел халқына арнаған Жолдауын Шығыс жұрты да зор ықыласпен қабыл алды. Өңірдегі іргелі оқу орны – Аманжолов университетінің ұжымы Жолдауды тікелей эфирден бірге тыңдады, Шығыс Қазақстан облысындағы BAQ.KZ тілшісі.
С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті комплаенс-қызметінің басшысы Гүлмира Байркенова ел үлкен үмітпен күтетін маңызды құжатта мемлекеттің ең жоғары құндылығы адам болып табылатынына тағы бір мәрте назар аударылғанын айтады.
Президенттің пайымынша, мемлекеттік саясаттың негізгі идеясы мен мақсаты – азаматтардың әл-ауқатын сапалы және инклюзивті арттыру, тең мүмкіндіктер жасау, ұлттық табысты әділ бөлу. Мысалы, Жолдауда ауыл тұрғындарының қажеттіліктеріне бағытталған ұлттық жобаны іске асыру міндеті айқындалды. Қала мен ауыл арасында медициналық көмекке қолжетімділіктің теңсіздігі бар екені құпия емес. Бұл өз кезегінде медициналық қызмет көрсету сапасына әсер етеді. Кейбір елді мекендерде тұрғындар алғашқы медициналық-санитарлық көмекке қол жеткізе алмай отыр. Осыған байланысты Президент Үкімет алдына екі жыл ішінде 650 ауылда медициналық және фельдшерлік-акушерлік пункт салу және жабдықтауды тапсырды, – дейді заң ғылымдарының кандидаты Гүлмира Байркенова.
Ғалымның пікірінше, білім беру мен оның сапасы да мемлекет саясатының басымдығы болып қала бермек. Заманауи талаптарға жауап беретін мектептер салу үшін Президенттің сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылық істері бойынша сот шешімдері нәтижесінде мемлекет қазынасына түсетін қаржыны пайдалануды ұсынуы да осының айғақтайды.
«Ұлттық қор – балаларға» атты түбегейлі жаңа бағдарлама да назар аударуға тұрарлық. Президент балалардың арнайы жинақтаушы шоттарына Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50%-ын мерзімінен бұрын алу құқығынсыз, 18 жасқа толғанға дейін аударуды ұсынды. Жинақталған соманы жастар тұрғын үй мәселесін шешуге және білім алуға пайдалана алады. Менің ойымша, бұл – ел көптен күткен игі бастама, – дейді Гүлмира Төлеубекқызы.
Заңгер Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған осы және басқа да ауқымды шаралар барша ел азаматтарының қатысуы мен қолдауын талап етеді деп санайды. Мемлекет басшысы атап өткендей, әділетті Қазақстанды құру енді ғана басталып жатыр. Сондықтан біз қиын және жауапты жолдан ауызбіршілік таныта отырып, лайықты өтуіміз керек.