Тоқаев жылыту маусымына дайын болмай шыққан әкімдер туралы айтты

Бүгiн, 16:17
581
Бөлісу:
Тоқаев жылыту маусымына дайын болмай шыққан әкімдер туралы айтты
Фото: Артём Чурсинов - архив

Жылыту маусымына дайын болмау басшылардың өз қызметіне сай келмейтінін көрсетеді. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің бірінші форумында айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Жылыту маусымын мінсіз өткізу – өзекті мәселелердің бірі. Бұл менің ерекше бақылауымда. Саран қаласы ауа-райының суытуына дайын болмай шықты. Мұндағы үйлер жақында ғана жылу жүйесіне қосылған еді. Кемшілікке жол берген жауапты тұлғалар тиісті жазасын алды. Бұл барлық әкімге сабақ болуы керек. Жылыту маусымына дайын болмау басшылардың өз қызметіне сай келмейтінін көрсетеді. Дегенмен биыл ел аумағында энергия көздері мен жылумен жабдықтау желілерін жөндеу бойынша ауқымды жұмыс жүргізілді. Қоймалардағы отын қоры жеткілікті. Бірақ қамсыз отыруға болмайды. Жағдайды ұдайы бақылауда ұстау керек, - деді Тоқаев.

Президент мемлекеттік басқару жүйесінің алдында қазір нақты міндеттер мен едәуір сын-қатер тұрғанын айтты.

Оқыс оқиғаларға дер кезінде үн қату, жағдайды ушықтырмау, дәл болжам жасау, қоғамның талап-тілегіне құлақ асу маңызды. Барлық мемлекеттік орган, коммуналдық және басқа да қызметтер үйлесімді әрекет етуі керек. Алайда, күнделікті шаруамен айналысып жүріп, стратегиялық мақсаттарды ұмыт қалдырмау қажет. Алға қарай ұмтылып, кең ауқымды перспективаны бағыт еткеніміз жөн. Проблеманың уақытша шешімін іздемей, оның түпкі себептерін жоюымыз қажет. Жолдауда бюджет қаржысын тиімді пайдалануға бағытталған шаралар қабылдауды тапсырғанымды білесіздер. Әлбетте, бюджет саясатында прагматизм қағидаты басты орында болуы керек. Бірақ әлеуметтік шығындардан, бюджеттік мекеме қызметкерлерінің жалақысынан, зейнетақы мен жәрдемақыдан үнемдеуге болмайды. Бұл – менің берік ұстанымым, - деді Кемелұлы.

Өзгелердің жаңалығы