Тоқаев жаңадан тағайындалған Ішкі істер министрін таныстырды

25 Ақпан 2022, 18:29
1506
Бөлісу:
Тоқаев жаңадан тағайындалған Ішкі істер министрін таныстырды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мемлекет басшысы Ішкі істер министрлігінің басшылық құрамымен кеңес өткізді.

Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Жиында Қасым-Жомарт Тоқаев Ерлан Тұрғымбаевты Ішкі істер министрі қызметінен босату және Марат Ахметжановты ведомство басшылығына тағайындау туралы жарлықтарға қол қойғанын хабарлады.

Президент қаңтар оқиғасы кезінде арандатушылар мен радикалды күштердің соққысына бірінші болып ішкі істер органдарының қызметкерлері кеудесін тосқанын атап өтті.

Оның айтуынша, көптеген қызметкер өзінің міндетіне адал болып, құқықтық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету кезінде табандылық пен батылдықтың үлгісін көрсетті.

Бұдан бөлек Президент тергеп-тексеру жұмыстары барысында заңдылықты қамтамасыз етіп, азаматтардың құқығын сақтау қажет екеніне ерекше назар аударды.

– Осы қайғылы жағдай ішкі істер органдары жүйесінде кемшіліктердің көп екенін көрсетті. Оны ашық айту керек. Өткен істен барынша сабақ алып, мұндай оқиғаға жол бермеу үшін барлық олқылықтарды анықтап, жою керек. Сондай-ақ қылмыскерлер мен арандатушылардың бәрін тауып, заңға сәйкес жауапқа тарту қажет. Бірақ рұқсат етілмеген тергеп-тексеру әдістеріне мүлде жол бермеу керек, – деді Мемлекет басшысы.

Тоқаев жаңадан тағайындалған Ішкі істер министрін таныстырды

Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, ішкі істер органдары құқықтық тәртіп пен азматтарымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің кепілі болуға тиіс.

Мемлекет басшысы жаңа министрге азаматтардың құқықтарын қорғау деңгейін арттыруға және заңды мүдделерін сақтауға, халықтың полицияға деген сенімін нығайтуға тапсырма берді. Сондай-ақ ішкі істер органдарын реформалау, соның ішінде полиция қызметіне сервистік модель енгізу, қызметкерлерді іріктеудің сапасы мен дайындығын күшейту жұмыстарын жалғастыру қажет екенін айтты.

Тоқаев жаңадан тағайындалған Ішкі істер министрін таныстырды
Өзгелердің жаңалығы