Тоқаев «Жаңа Қазақстанды» құру туралы: Мемлекеттік қызмет – эксперимент алаңы емес

17 Ақпан 2022, 21:18
3363
Бөлісу:
 Тоқаев «Жаңа Қазақстанды» құру туралы: Мемлекеттік қызмет – эксперимент алаңы емес

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «QAZAQSTAN» ұлттық телеарнасына берген сұхбатында жауап берді.   

«Жаңа Қазақстанды» құрамыз деп отырмыз. Бірақ, бұрынғы жүйеде жұмыс істеген адамдар қызметке қайта тағайындалып жатыр. Жұрт ескі мамандармен жаңа Қазақстанды қалай құрамыз дейді. Бұл туралы не айтар едіңіз?» деп сұрақ қойды тілші. 

Негізі, кадр мәселесін өте күрделі әрі аса маңызды. Расында, көп нәрсе білікті кадрларға байланысты. Менің бастамам бойынша Президенттік жастар кадр резерві құрылды. Кадрлық резервке өткен азаматтар біртіндеп жауапты қызметке тағайындалып жатыр. Әрине, мұнымен шектелуге болмайды. Басқа да адамдарға жол ашуымыз керек. Жалпы, мемлекеттік қызметшілерге қойылатын талап өте жоғары болуға тиіс, - деп атап өтті Мемлекет басшысы. 

Сонымен қатар ел Президенті лауазымды қызметке тағайындалатын тұлғаларға қатысты өз пікірін ортаға салды. 

Кез келген адам бірден министр немесе әкім бола салмайды. Ол анық нәрсе. Біраз уақыт, мол тәжірибе керек. Ондай лауазымға білімді, білікті, қызметіне адал азаматтарды тағайындаған жөн. Бұрынғы мамандардың бәрін жұмыстан шығару дұрыс болмас еді. Орысша «политическая чистка», яғни «саяси тазалауға» барудың қажеті жоқ. Мемлекеттік басқару саласына бірте-бірте жаңа мамандар келеді. Келіп те жатыр. Бұл – қалыпты үдеріс. Бірақ, бір нәрсені есте ұстаған жөн. Мемлекеттік қызмет – эксперимент алаңы емес! Сондықтан бұл жұмысты бірте-бірте жүргіземіз, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Өзгелердің жаңалығы