Бұл туралы Түркі мемлекеттері ұйымының (ТМҰ) мерейтойлық Х саммитінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
«Түркі бірлігін таныту үшін біздің төрағалығымыз «ТҮРКІ ДӘУІРІ!», яғни «TURKTIME!» ұранымен өтеді. Осыған орай, салт-дәстүр (Traditions), біріздендіру (Unification), реформалар (Reforms), ғылым (Knowledge), сенім (Trust), инвестиция (Investments), медиация (Mediation) және энергия (Energy)» атты сегіз мәселеге басымдық береміз. Бұл басымдықтар ұйымның 20-шы саммитіне дейінгі он жылды қамтитын қысқа және орта мерзімге арналған. Соның аясында мынадай шаралар атқаруды ұсынамын, - деді Президент.
Тоқаев бірінші басымдық – салт-дәстүр (Traditions) екенін айтады.
Шын мәнінде, түркі бірлігін дәріптеудің маңызы өте зор. Біздің тарихымыз, мәдениетіміз, тіліміз және діліміз – ортақ. Осыған байланысты Түркі мемлекеттері ұйымының, оның құрылымдарының туларын және эмблемаларын бір үлгіге келтірген жөн. Бүгін өздеріңізге ұсынылған эскиздерді бірге қарап, ортақ шешім қабылдаймыз. Бұл тарихи сәт болмақ. Тарихтан сыр шертетін ортақ мұрағатты зерттеп, ұрпаққа ақиқатты жеткізу – біздің парызымыз. Құзырлы органдарымызға беймәлім деректерді бірлесіп зерделеуді тапсыруды ұсынамыз. Бұл, шын мәнінде, маңызды жұмыс болмақ, себебі ортақ тарихымызда әлі де толық зерттелмеген ақтаңдақтар бар, - деді ол.
Сондай-ақ Президент елдеріміздің телехикаяларын, өзара насихаттау маңызды екенін атап өтті.
Әсіресе, балаларға арналған анимациялық фильмдерді көбірек таратқан жөн. Бұған әлеуметтік желіні пайдалану, танымал медиа тұлғаларды жұмылдыру керек деп есептейміз. Сол арқылы жастарымызды рухани тұрғыдан жақындастыруға мүмкіндік туары сөзсіз, - деді Тоқаев.
Айта кетейік, Астана төрінде Түркі елдерінің саммиті өтіп жатыр. Шара барысында Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымының мақсатын атады.