Тоқаев: Түркі мемлекеттері ұйымының қызметін БАҚ арқылы белсенді түрде дәріптеу керек

11 Қараша 2022, 12:17
1097
Бөлісу:
Тоқаев: Түркі мемлекеттері ұйымының қызметін БАҚ арқылы белсенді түрде дәріптеу керек

Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түркі мемлекеттері ұйымы саммитінің отырысында айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Тағы бір маңызды мәселеге тоқталғым келеді. Түркі мемлекеттері ұйымының қызметін бұқаралық ақпарат құралдары арқылы белсенді түрде дәріптеуіміз керек. Бұл – өте қажет нәрсе. Осы жұмысты елдеріміздің ішіндегі ақпарат құралдары және белгілі халықаралық агенттіктер аясында жүргізуге болады. Себебі, әлем қауымдастығы біздің түркі әлеміндегі ықпалдастықты нығайту үшін жасап жатқан ауқымды жұмысымыз туралы білуі қажет, - деді ол.

Президент Түркі мемлекеттері ұйымы барша түркі әлеміндегі халықтарды жақындастыратын ықпалды орталыққа айналуы қажет екенін айтты.

Шындығын айтсақ, жаһан жұртшылығы біздің ұйымның жұмысы туралы әлі де жақсы біле бермейді. Дегенмен, қазір Түркі ынтымақтастығы идеясы бүкіл әлемнің назарын өзіне аудара бастады. Түркі өркениеті туралы хабар беретін құнды деректер жер шарының түрлі аймақтары мен құрлықтарынан табылып жатыр. Бұл – біздің елдерімізге ортақ құндылықтар. Сондықтан, қолда бар тарихи және тілдік деректерді жүйелеп, ретке келтіру маңызды міндет деп ойлаймын. Ғылыми институттардың және мекемелердің аясында белсенді жұмыс ұйымдастырып, оны әлем жұртшылығына кеңінен таныстыруымыз керек. Ұйымның жұмысы дипломатиялық саммиттер мен қорытынды құжаттары бар кездесулермен ғана шектеліп қалмағаны жөн. Түркі мемлекеттері ұйымы барша түркі әлеміндегі халықтарды жақындастыратын ықпалды орталыққа айналуы қажет деп санаймын, - деді Президент.

Президент Қазақстан барлық мемлекеттің территориялық тұтастығын сөзсіз қолдайтынын айтты.

Қазақстан барлық мемлекеттің территориялық тұтастығын сөзсіз қолдайды, сондай-ақ БҰҰ Жарғысын мүлтіксіз сақтау қажет деп есептейді. Бұл – біздің еліміздің негізгі мүддесіне толық сай келетін маңызды қағидат. Сондықтан біз осы қағидатқа әрдайым басымдық беретін боламыз, - деді Тоқаев.

Өзгелердің жаңалығы