Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түркі мемлекеттері ұйымы саммитінің отырысында айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Түркі мемлекеттері ұйымының осы кезекті басқосуы аса маңызды деп ойлаймын. Қатысып отырғаныма ризамын. Ең алдымен, осы іс-шараны жоғары деңгейде ұйымдастырып, зор қонақжайлық көрсетіп, жылы қарсы алған Өзбекстан Президенті, қадірменді Шавкат Миромонович Мирзиёевке ерекше алғыс айтамын. Жиынымыз Түркі әлемінің мақтанышы – көне Самарқанд шаһарында өтіп жатыр. Бұл қала тарихи тамыры терең өркениет ошағы ретінде бүкіл әлемге танымал. Самарқанд қаласы Жібек жолының алтын көпірі екенін барша түркі халықтары мойындаған. Осы киелі жерде Түркі мемлекеттері ұйымына төрағалық ету құқығы Өзбекстан Республикасына беріледі. Өзбек бауырларымыз бұл міндетті абыроймен атқарады деп сенемін, - деді Тоқаев.
Ол бүгінде Түркі мемлекеттері ұйымының халықаралық рөлі артып келетінін айтты.
Біз Түркі әлемінің атажұрты ретінде өздеріңізбен жан-жақты қарым-қатынасты дамытуға айрықша мән береміз. Сондықтан, ықпалдастығымызды одан әрі нығайтуға және оны жаңа белеске көтеруге мүдделіміз. Түркі ынтымақтастығына ұйытқы болған ұйымдардың тарихын зерделесек, олардың көпшілігіне Қазақстан бастамашы болғанын көреміз. ТҮРКСОЙ, ТүркПА және Түркі Академиясы – соның айқын дәлелі. Бұл ұйымдар бауырлас елдердің мәдени-рухани жақындасуына өлшеусіз үлес қосып отыр, - деді ол.
Президент сын-қатерлерді еңсеру үшін күш-жігерді біріктіру керек екенін айтты.
Қазақстан түркітілдес мемлекеттермен достық және тату көршілік қатынастарды дамытуға күш салып келеді. Соның бір айғағы – еліміздің бастамасымен қабылданған «Түркі әлемінің келешегі – 2040» құжаты. Оны іске асыру үшін бүгін Түркі мемлекеттері ұйымының стратегиясы қабылданбақ. Бұл құжат елдеріміз арасындағы қарым-қатынасты күшейтуге және тұрақтылық белдеуін нығайтуға ықпал етері сөзсіз. Сондықтан, ынтымақтастығымыздың болашағы зор деп айтуға толық негіз бар. Біз өңірлік және жаһандық мәселелерді шешуге белсене атсалысып, қуатты күшке айналуымыз керек. Қазір геосаяси, геоэкономикалық қайшылықтар салдарынан Еуразиядағы экономика және көлік-логистика жүйесі ыдырап барады. Сын-қатерлерді еңсеру үшін күш-жігерімізді біріктіруіміз қажет, - деді Мемлекет басшысы.