Тоқаев Татарстан Президенті Рустам Миннихановты қабылдады
PHOTO
24 Қаңтар, 19:51 748

Тоқаев Татарстан Президенті Рустам Миннихановты қабылдады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға жұмыс сапарымен келген Татарстан Президенті Рустам Миннихановты қабылдады, деп хабарлайды Ақорданың ресми сайты.

Тараптар сауда-экономикалық, өнеркәсіп және технология саларындағы өзара ынтымақтастықты нығайтудың перспективаларын талқылады.

Қасым-Жомарт Тоқаев Рустам Миннихановқа ілтипат білдіріп, Ресей Федерациясымен арадағы көпжақты қатынастарды дамыту ісінде Татарстанның маңызды орын алатынын атап өтті.

Мемлекет басшысының айтуынша, Татарстан Қазақстанмен экономикалық, өнеркәсіптік және технологиялық ынтымақтастықты нығайту деңгейі бойынша Ресей Федерациясы субъектілерінің ішінде көш бастап келеді. 2021 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша өзара тауар айналымы 423 миллион долларға жеткен.

«КАМАЗ» және «Татнефть» компанияларының қатысуымен машина жасау саласында құны 1,8 миллиард доллар болатын жобалардың жүзеге асырылуы – осындай табысты ынтымақтастықтың жарқын көрінісі. Қостанай және Қарағанды облыстарында «КАМАЗ» автобөлшектері мен «Татнефть» дөңгелектерін шығаратын үш зауыттың құрылысы белсенді жүргізілуде.

Мемлекет басшысы Қазақстанның инвесторларға, оның ішінде Татарстанның ивесторларына қолайлы болу үшін қажетті жағдайдың бәрін жасайтынына назар аударды.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Рустам Миннихановқа Татарстанмен бірлескен жобаларды жүзеге асыру үшін қосымша мүмкіндіктер туғызатын елде жүргізіліп жатқан ауқымды экономикалық реформалар мен нақты даму бағдарламалары туралы айтты.  

Татарстан Президенті жылы қабылдағаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс білдіріп, қазақстандық  серіктестермен ықпалдастықты нығайту жөніндегі бірқатар инвестициялық жобалар мен татар бизнесі жоспарының жүзеге асырылу барысы туралы мәлімет берді.


Фото: дереккөз
Загрузка...