Тоқаев: «Қытай халқы қазақ халқына ешқашан жамандық жасаған емес»

9 Қыркүйек 2026, 10:21
АВТОР
 pixabay.com 9 Қыркүйек 2026, 10:21
9 Қыркүйек 2026, 10:21
73
Фото: pixabay.com

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық қатынастар жүйесі терең дағдарысты бастан өткеріп жатқанын айтып, қазіргі жағдайда өңірлік ынтымақтастық алаңдарының маңызы арта түскенін мәлімдеді. Бұл туралы ол Қытайдың «Синьхуа» ақпарат агенттігіне берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Президенттің сөзінше, бүгінде әлем өзара сенімнің әлсіреуімен, геосаяси текетірестің күшеюімен және халықаралық институттардың беделінің төмендеуімен бетпе-бет келіп отыр.

Қазіргі халықаралық қатынастар жүйесі терең дағдарысқа ұшырады. Өзара сенім азайды, геосаяси қарсыластық күшейді. Біріккен Ұлттар Ұйымының әмбебап әрі баламасы жоқ халықаралық ұйым ретіндегі беделі мен мүмкіндігіне де нұқсан келді, – деді Тоқаев.

Мемлекет басшысы терроризм, климаттың өзгеруі, технологиялық теңсіздік пен жаһандық жеткізу тізбектерінің бұзылуы сияқты трансшекаралық қатерлер де күрделене түскенін атап өтті.

Оның айтуынша, Қазақстан жаһандық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін халықаралық қауымдастықтың күш-жігерін біріктіру қажет деп санайды.

Бұл ретте бейбіт саясат ұстанатын ірі мемлекет ретінде Қытайдың рөлін асыра бағалау мүмкін емес, – деді Президент.

«Шанхай рухы» – халықаралық ынтымақтастықтың үлгісі

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Шанхай ынтымақтастық ұйымын (ШЫҰ), «Орталық Азия – Қытай» форматындағы ынтымақтастықты және Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесті (АӨСШК) қолдайтынын айтты.

Бұл көпжақты құрылымдардың мақсаты ортақ – бейбітшілік, қауіпсіздік, ынтымақтастық және даму, – деді ол.

Президенттің айтуынша, биыл ШЫҰ-ның құрылғанына 25 жыл толып отыр.

Мен 1996 жылдың сәуірінде Шанхайда өткен саммитке қатыстым. Сол кезде кейін Шанхай ынтымақтастық ұйымына айналған «Шанхай бестігі» құрылды. Уақыт өте келе оған көптеген мемлекет қызығушылық танытып, ұйым кеңейіп, бүгінде ең беделді әрі тиімді халықаралық құрылымдардың біріне айналды, – деді Тоқаев.

Ол ұйымның басты жетістігі ретінде «Шанхай рухын» сақтап қалғанын атап өтті.

Бұл рух өзара сенімге, тең құқықтылыққа, диалогқа, мәдени әртүрлілікті құрметтеуге және бірлесіп дамуға негізделген. Мен осы қағидаттарды халықаралық ынтымақтастықтың өзіндік стандарты деп есептеймін, – деді Мемлекет басшысы.

«Орталық Азия – Қытай» форматының маңызы артып келеді

Президент Қазақстанның «Орталық Азия – Қытай» форматындағы ынтымақтастықты толық қолдайтынын айтты.

Қысқа уақыт ішінде бұл құрылым өзінің тиімділігі мен қажеттілігін дәлелдеді. Ол біздің өңір мемлекеттері мен Қытай арасындағы ауқымды өзара іс-қимылдың маңызды тетігіне айналып келеді, – деді Тоқаев.

Мемлекет басшысы тарихи байланыстарға да тоқталды.

Өткенге көз жүгіртсек, Қытайдың Орталық Азия халықтарымен бірге Ұлы Жібек жолының қалыптасуы мен гүлденуіне үлес қосқанын көреміз. Қытай халқы қазақ халқына ешқашан жамандық жасаған емес, керісінше қолдау көрсеткен. Бұл дәстүр бүгінге дейін жалғасып келе жатқаны қуантады, – деді Президент.

Ол Астанада өткен «Орталық Азия – Қытай» екінші саммитінде алты ел мәңгілік тату көршілік, достық және ынтымақтастық туралы шартқа қол қойғанын еске салды.

Бұл құжат ұрпақтар достығы қағидатын құқықтық тұрғыдан бекітіп, алты ел арасындағы қарым-қатынастың жаңа кезеңін ашты, – деді Тоқаев.

Негізгі басымдық – бейбітшілік пен орнықты даму

Президенттің сөзінше, қазіргі таңда Орталық Азия елдері мен Қытай өзара тиімді өңірлік ынтымақтастықтың нақты үлгісін көрсетіп отыр.

Қазақстан үшін өңіріміздің бейбітшілік, тұрақтылық, сындарлы серіктестік және орнықты даму кеңістігі болып қала беруі аса маңызды, – деді ол.

Мемлекет басшысы бүгінде тараптар нақты міндеттерді жүзеге асыруға басымдық беріп отырғанын айтты.

Біз көлік дәліздерін дамытуға, саудадағы кедергілерді жоюға, бірлескен өндірістер ашуға, заманауи агротехнологиялар мен су үнемдеу шешімдерін енгізуге күш салып жатырмыз. Сонымен қатар энергетика, цифрлық экономика, ғылым және білім беру салаларындағы ынтымақтастықты кеңейтудеміз, – деді Президент.

Оның айтуынша, басты мақсат – мемлекеттердің географиялық жақындығын тұрақты экономикалық байланысқа айналдыру.

Біздің алдымызда елдеріміздің географиялық жақындығын тұрақты экономикалық өзара байланысқа, ал ынтымақтастықтың орасан әлеуетін орнықты өсім мен халықтардың әл-ауқатын арттыруға айналдыру міндеті тұр, – деді Тоқаев.

Қазақстан АӨСШК-ні халықаралық ұйымға айналдыруды қолдайды

Қасым-Жомарт Тоқаев Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің Қазақстан үшін ерекше маңызға ие екенін айтты.

Осыдан отыз жылдан астам уақыт бұрын Қазақстан БҰҰ аясында мұндай форум құру бастамасын көтерген болатын. Бүгінде АӨСШК Азия аумағының шамамен 90 пайызын және әлем халқының жартысына жуығын қамтиды. Ол қауіпсіздік пен сенім шараларын талқылайтын маңызды әрі сұранысқа ие алаңға айналып келеді, – деді Президент.

Мемлекет басшысы Қытайдың АӨСШК-ні тұрақты түрде қолдап келе жатқаны үшін алғыс білдірді.

Қазақстан Қытайға АӨСШК-ні әрдайым қолдап келгені үшін ризашылық білдіреді. Біз бұл құрылымды толыққанды халықаралық ұйымға айналдыру бағытындағы бірлескен жұмысты жалғастырамыз, – деп түйіндеді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Наверх