Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Құрылтай депутаттарының алдында қандай міндеттер тұрғанын айтты. Бұл туралы Мемлекет басшысы Құрылтай сайлауында дауыс бергеннен кейінгі брифингте мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Журналистің Құрылтай жұмысының басталуына қатысты сұрағына жауап берген Президент жаңа бір палаталы Парламенттің құрылуының тарихи маңызына тоқталды.
Тарихымызда тұңғыш рет өтіп жатқан осы бірегей бір палаталы парламенттік тетік сайлауының тарихи маңызы зор. Құрылтай сайлауынан үлкен үміт күтемін. Ол еліміздің дамуына үлкен серпін береді деп есептеймін. Жаңа тұлғалар пайда болды, жаңа идеялар айтылды. Мен әрдайым жастарға өз пікірін білдіруге, мемлекетімізді құру ісіне тікелей қатысуға мүмкіндік беру керек деп айтып келемін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Депутаттардың міндеттеріне тоқталған Мемлекет басшысы олардың қабылданатын заңдар үшін ғана емес, жария етілген міндеттемелердің орындалуы үшін де жауапты болуы керек екенін атап өтті.
Депутаттардың міндеттеріне келетін болсақ, ең алдымен, олар заңдардың сапасына жауап береді деп үміттенемін. Екіншіден, олар берілген уәделер мен әзірленген бағдарламалардың жүзеге асырылуына жауапты болады. Үшіншіден, әрине, қабылданатын заңдар елдің дамуына бағытталуы керек, – деді Президент.
Тоқаев халықаралық және ішкі күн тәртібіндегі күрделі мәселелерге де назар аударып, қоғамды бірлікке шақырды.
Қазір уақыт күрделі. Жаңа ғана айтқанымдай, бізде Қазақстаннан басқа Отан жоқ. Қазақстанды прогрессивті, заманауи мемлекетке айналдыру үшін бәріміз жұмылуымыз керек. Конституция бұл үшін үлкен мүмкіндіктер береді, – деп атап өтті ол.
Президент жаңа Құрылтай құрамы елдің одан әрі дамуы мен Конституцияда көзделген мүмкіндіктерді іске асырудың негізгі тетіктерінің біріне айналады деген үміт білдірді.