Ұлттық құрылтайда сөз сөйлеген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр Қазақстан экономикасы Орталық Азия аймағында рекордтық нәтижелерге қол жеткізгенін атап өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Былтыр экономикамыз 6,5%-ға өсті. Еліміздің ішкі жалпы өнімі 300 млрд доллардан асты. Ал жан басына шаққандағы үлесі тәуелсіздік тарихында тұңғыш рет 15 мың доллар болды. Бұл бүкіл Орталық Азия аймағы бойынша рекордтық көрсеткіш, – дейді Президент.
Мемлекет басшысының айтуынша, Ұлттық қордың валюталық активтері 5 млрд долларға ұлғайып, алтын-валюта резервтері 65 млрд доллардан асты. Сондай-ақ шағын және орта бизнестің экономикадағы үлесі 40 пайызға жақындаған.
Президент өз сөзінде әйелдердің құқығы мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында нақты қадамдар жасалғанын атап өтті. Лудоманияға, яғни ойынқұмарлыққа және нашақорлыққа қарсы белсенді күрес басталған. Сонымен қатар аномастика саласындағы жұмыстар ретке келтіріліп, мемлекеттік наградалар жүйесіне жаңа құрметті атақтар енгізілген. Бұл еңбек адамдарының мәртебесін арттыруға мүмкіндік берді.
Бұдан бөлек, біз ұлттың жаңа сапасын қалыптастыратын басты құндылықтарымызды айқындап алдық. Ұрпақтың болашағына зиян келтіретін кеселдерге барынша тосқауыл қойдық, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Еске салайық, бұған дейін Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Ұлттық құрылтай бастамалары аясында 6 заң қабылданғанын мәлімдеген еді.
Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қызылорда қаласында өтіп жатыр.
Жиында Мемлекет басшысы сөз сөйлеп, Ұлттық құрылтай мүшелері қоғамдағы өзекті мәселелерге қатысты ұсыныстарын ортаға салады.
Ұлттық құрылтайдың бұған дейінгі отырыстары:
2022 жылы – Ұлытауда;
2023 жылы – Түркістанда;
2024 жылы – Атырауда;
2025 жылы – Бурабайда өтті.
Маңызды жиыннан BAQ.KZ тілшілері Гүлжан Раманқұлова мен Мақпал Орынбек онлайн режимде тікелей ақпарат таратады. Құрметті оқырман, басты жаңалықтардан хабардар болу үшін лентамызды қадағалап отырыңыз.