Тоқаев Қазақстанда Саха Республикасының күндерін өткізу бастамасын қолдады

18 Сәуір 2024, 14:00
828
Бөлісу:
Тоқаев Қазақстанда Саха Республикасының күндерін өткізу бастамасын қолдады
Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Саха Республикасының басшысы Айсен Николаевты қабылдады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Саха (Якутия) Республикасының сан қырлы байланыстары қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Өзара тауар айналымының айтарлықтай артуы – соның айқын дәлелі.

Біз өзара қарым-қатынас пен ынтымақтастық перспективаларына зор ықыласпен қараймыз. Сіздің Республикаңызға, якут халқына деген құрметіміз ерекше. Қос халыққа ортақ дүниелер көп. Сізбен бірге құрамында іскерлік топтар мен мәдениет өкілдері бар үлкен делегация келгенін айрықша атап өткім келеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Қазақстанда Саха Республикасының күндерін өткізу бастамасын қолдады. Оның аясында мәдени және спорттық шаралар ұйымдастыру, Якутияның инвестициялық, туристік әлеуетін таныстыру жоспарланған.

Айсен Николаев көрсеткен сый-құрметі үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтып, Саха Республикасы мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынастың жандана түскенін жеткізді. 

Сондай-ақ ол Қазақстан халқына қолдау көрсетіп, су тасқыны салдарынан туындаған барлық қиындықты тезірек еңсеруге тілектестік білдірді.

Біз Қазақстанға Саха Республикасының күндерін өткізу мақсатында келдік. Астана мен Алматы қалаларында мәдени, спорттық, іскерлік бағытта көптеген шара ұйымдастыру жоспарланған, – деді Айсен Николаев.

Кездесу барысында ауыл шаруашылығы, кен өндіру өнеркәсібі, цифрландыру және туризм салаларындағы ынтымақтастықтың перспективті бағыттары талқыланды. Бұдан бөлек, Қазақстан мен Ресей екі елдің өңіраралық ықпалдастығын жан-жақты дамытуға баса мән беретіні атап өтілді.

Өзгелердің жаңалығы