Бұл туралы елордада өтіп жатқан “Орталық Азия – Қытай” екінші саммитінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Орталық Азия мемлекеттері арасындағы өзара сенім мен бірлескен күш-жігердің нәтижесінде тату көршілік пен достық рухына негізделген теңдессіз ынтымақтастық үлгісі қалыптасты. Осы орайда көршілес Қытайдың және Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпиннің белсенді әрі тиімді рөлін ерекше атап өту орынды. Қазақстан үшін Қытай сенімді, тұрақты және мәңгілік стратегиялық серіктес әрі шынайы досқа айналды, - деді Мемлекет басшысы.
Тоқаев атап өткендей, 80 миллионнан астам халқы бар, ауқымды нарық пен табиғи ресурстарға бай Орталық Азия өңірі халықаралық қатынастар мен сауда-экономикалық, инвестициялық, гуманитарлық байланыстардың маңызды орталығына айналып келеді. Бұл үдерісте Қытаймен жан-жақты ынтымақтастықтың орны ерекше.
Орталық Азия мен Қытай арасындағы қарым-қатынас бүгінде “мәңгілік, кез келген жағдайда сенімді және жан-жақты стратегиялық әріптестік” деңгейіне көтерілді. Орталық Азия – Қытай форматы бізді ортақ тарихи тағдырмен тығыз байланыстырды және ортақ болашаққа бастайтын жаңа негіздерді қалыптастырды. Біз бірлесіп сауда, өнеркәсіп, көлік және логистика, ауыл шаруашылығы, цифрландыру сынды негізгі салаларда ынтымақтастық тетіктерін іске қостық, - деп атап өтті Президент саммитте.
Еске салайық, осыған дейін Астанада "Орталық Азия – Қытай" саммиті басталғаны хабарланған. Сондай-ақ, Тоқаев “Орталық Азия – Қытай” саммитінде қандай мәселелер талқыланатынын айтты.