Соңғы 7 жылда жалпы ішкі өнім 29 пайызға артты. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Халық Кеңесінің бірінші сессиясында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Конституция халқымыздың мәңгілік темірқазығы және Әділетті, Озық, Таза Қазақстанның мызғымас арқауы ретінде елімізді жарқын келешекке апаратыны сөзсіз. Конституциялық реформа нәтижесінде біз еліміздің заң шығарушы органы – Құрылтайдың алғашқы сайлауын өткіздік. Шетелдік сарапшылардың пайымдауы бойынша сайлау жоғары деңгейде, мінсіз өтті. Халық қолдаған Құрылтайға бес партия кірді. 28 тамыз күні депутаттар өз жұмысына кірісті. Үкіметтің жаңартылған құрамы жасақталды. Вице-президент тағайындалды. Жаңа мемлекеттік мекеме – Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің Аппараты құрылды, - дейді президент.
Тоқаев мұндай тарихи оқиғаның мән-мағынасын ешқашан жадымыздан шығармау керегін атап өтті.
Түптеп келгенде, бір жылдың ішінде ұлт тағдырына тікелей ықпал ететін аса маңызды оқиғалар болды. Біз аз ғана уақытта тұтас мемлекет пен бүкіл қоғамның сипатын өзгерткен аса ауқымды реформаларды сапалы жүзеге асырдық. Ал қазіргі таңда бұл – өркениетті, жасампаз және ең бастысы біртұтас ұлттың ғана қолынан келетін іс деп ашық түрде айтуға болады, - дейді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы соңғы 7 жылда жалпы ішкі өнім 29 пайызға артып, 306 миллиард долларға жеткенін атап өтті.
Алтын-валюта резерві және Ұлттық қор активтерінің көлемі 138 миллиард доллардан асты. Осы кезеңде елімізге 162 миллиард доллардан астам инвестиция тартылды. Шағын және орта бизнестің экономикадағы үлесі 40 пайыздан асты. Қазақстанда жыл сайын 20 миллион шаршы метрден астам тұрғын-үй бой көтереді. 2019 жылдан бастап, 1 миллионнан астам оқушыға арналған 1342 мектеп салынды, - дейді ол.
Ол азаматтардың орташа өмір сүру ұзақтығы 76 жасқа жеткенін айтады.
Сондай-ақ 1200-ден астам денсаулық сақтау нысаны ашылды.
Осы уақыт ішінде 35 мың шақырымнан астам автокөлік жолы салынып, жөнделді. Мұның бәрін тарихымыздағы ең жоғары көрсеткіш деуге болады. Белсенді жұмыстың нәтижесінде Қазақстан әлемнің бәсекеге қабілетті 40 елінің қатарына енді, - дейді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, елордада Қазақстан Халық Кеңесінің алғашқы сессиясы басталды. Кеңес құрамына этномәдени бірлестіктер, қоғамдық ұйымдар, мәслихаттар мен қоғамдық кеңестерден 126 өкіл кірді.
Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері қоғамдық негізде жұмыс істеп, жалақы алмайды. Бұл туралы Кеңестің алғашқы сессиясы кулуарында Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі, Мәжілістің бұрынғы депутаты Мұрат Әбенов айтты.
Тағы оқи отырыңыз: Астанада тарихи жиын: Қазақстан Халық Кеңесінің алғашқы сессиясына дайындық қалай