Санаулы сәттерден соң Астанадағы Тәуелсіздік сарайында Қазақстан Халық Кеңесінің алғашқы отырысы басталады. Таңертеңнен бері Кеңес мүшелері тарихи жиын өтетін ғимаратқа жиналып, алғашқы сессияға қатысуға қызу дайындық үстінде. BAQ.KZ тілшісі оқиға орнынан фоторепортаж ұсынады.
Тәуелсіздік сарайының маңында ресми жиынға келген қонақтар мен Кеңес мүшелерін байқауға болады. Салтанатты ғимаратқа түрлі сала өкілдері біртіндеп келіп, тіркеуден өтіп, отырыс өтетін залға бет алып жатыр.
Қазақстан Халық Кеңесінің алғашқы сессиясы 23–24 қыркүйекте өтеді. Жиынды Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Халық Кеңесі туралы» Конституциялық заңға сәйкес шақырды.
Қазақстан Халық Кеңесі – Қазақстан халқының мүддесін білдіретін жоғары конституциялық консультативтік орган. Оның мәртебесі Конституцияда бекітілген. Кеңестің құрылу тәртібі, өкілеттігі мен қызметін ұйымдастыру мәселелері арнайы Конституциялық заңмен айқындалады.
Кеңес құрамын Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 22 қыркүйектегі жарлығымен бекітті. Оның құрамына барлығы 126 адам кірді. Заңға сәйкес Кеңестегі орындар үш топ арасында тең бөлінген.
Алғашқы сессияға қоғамның әртүрлі саласында еңбек етіп жүрген танымал тұлғалар да қатысады. Олардың арасында бұрынғы депутаттар Ермұрат Бапи, Еділ Жаңбыршин және Нұртай Сабильянов, қоғам қайраткері Мұрат Әбенов, «Қазақтелеком» басшысы Бағдат Мусин, «Қазақ тілі» халықаралық қоғамының президенті Рауан Кенжеханұлы, Қазақстан бокс федерациясының президенті Шахмұрат Муталип, Қазақстан машина жасаушылар одағы басқармасының мүшесі Андрей Лаврентьев және түрлі этномәдени бірлестіктердің өкілдері бар.
Жиынға келген Кеңес мүшелері үшін бұл – Қазақстанның қоғамдық-саяси өміріндегі жаңа конституциялық институттың алғашқы қадамын айқындайтын маңызды күн.
Тәуелсіздік сарайындағы алғашқы сессияның барысы күн бойы жалғасады.
Еске салсақ, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері қоғамдық негізде жұмыс істеп, жалақы алмайды. Бұл туралы Кеңестің алғашқы сессиясы кулуарында Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі, Мәжілістің бұрынғы депутаты Мұрат Әбеновайтты.