Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Тоқаев пен Ердоған халықаралық мәселелерге қатысты ортақ ұстанымдарын білдірді

29 Шілде 2025, 23:07
402
Бөлісу:
 Ақорданың баспасөз қызметі
Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған Анкарада өткен келіссөздер барысында халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты, деп хабарлайды BAQ.KZ Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мемлекет басшылары қазіргі күрделі геосаяси жағдайда қарулы қақтығыстардың ушығуына алаңдаушылық білдіріп, барлық жанжалдар мен қайшылықтарды бейбіт, дипломатиялық жолмен шешудің маңызын атап өтті.

Түркия Президентінің Ресей мен Украина арасындағы дағдарысты реттеу ісіндегі араағайындық қызметі – оның халықаралық беделінің айқын көрінісі. Қазақстан да кез келген мемлекеттің аумақтық тұтастығы сақталуы керек деген қағидатты ұстанады. Біз БҰҰ-ны реформалау қажеттілігін қолдаймыз және Түркиямен жаһандық тұрақтылықты қамтамасыз ету бағытында ынтымақтастығымызды жалғастырамыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ол сондай-ақ Түркияның Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі Кеңесті (АӨСШК) дамытуға қосқан үлесіне алғыс білдірді. Қазақстан дипломатиясы Түркі мемлекеттері ұйымының әлеуетін арттыруға ерекше назар аударатынын жеткізді.

Өз кезегінде Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған келіссөздердің мазмұнды әрі нәтижелі өткенін атап өтіп, Қазақстанды өңірдегі маңызды экономикалық әріптес ретінде бағалады.

Бүгін біз қорғаныс өнеркәсібінен бастап, энергетика, көлік, ғылым мен технология, сирек кездесетін металдар мен минералдар саласындағы ынтымақтастықты талқыладық. Қазақстан мұнайын Түркия арқылы жаһандық нарыққа тасымалдау жолдарын пысықтадық. Сондай-ақ Транскаспий халықаралық көлік бағдарының әлеуетін тиімді пайдалануға ниеттіміз, – деді түрік көшбасшысы.

Ердоған туризм саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға ерекше мән беріп, түрік азаматтарына Қазақстанда 90 күн визасыз жүруге мүмкіндік берген шешім үшін Тоқаевқа ризашылық білдірді.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Режеп Тайип Ердоғанға екіжақты қатынастарды дамытуға қосқан үлесі үшін алғыс айтып, оны Қазақстанға ресми сапармен келуге шақырды.

Өзгелердің жаңалығы