Тоқаев Орбанды Астанаға шақырды

Бүгiн, 01:10
213
Бөлісу:
Тоқаев Орбанды Астанаға шақырды
Фото: Ақорда

Қазақстан Президенті мен Мажарстан премьер-министрі екі елдің ресми делегация мүшелерінің қатысуымен кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді, деп хабарлайды BAQ.KZ Ақордаға сілтеме жасап.

Қасым-Жомарт Тоқаев мажар тарапына арнайы шақыруы және көрсеткен сый-құрметі үшін ризашылығын білдіріп, қос халықтың тарихи және мәдени жақындығын атап өтті.

Достас әрі бауырлас Мажарстанның астанасына келгеніме қуаныштымын. Бүгінгі сапарымның басты мақсаты – екі ел арасындағы көпжоспарлы ынтымақтастыққа тың серпін беру, – деді Мемлекет басшысы.

Тараптар екіжақты ықпалдастықтың өзекті мәселелерін талқылап, бірқатар маңызды уағдаластыққа қол жеткізді. Атап айтқанда, Қазақстан – Мажарстан инвестициялық қорын құруға келісті. Келіссөз барысында сауда-экономика, энергетика, мұнай-газ, көлік, білім салаларындағы байланыстардың негізгі бағыттары талқыланды.

Тоқаев Орбанды Астанаға шақырды

Виктор Орбан екіжақты қарым-қатынасты жандандырудың маңызды екенін атап өтіп, қол жеткізілген келісімдердің табысты жүзеге асатынына сенім білдірді.

Екі елдің тарихы ортақ және ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік мол. Бүгінгі келіссөздер халықтарымыздың мүдделері үшін өзара ықпалдастықты одан әрі дамытуға негіз болады, – деді Мажарстан премьер-министрі.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Виктор Орбанды Астанаға сапармен келуге шақырды.

Өзгелердің жаңалығы