Тоқаев министрге қоғамдық қауіпсіздік деңгейін арттыру жөнінде тапсырма берді

17 Тамыз 2023, 12:45
701
Бөлісу:
Тоқаев министрге қоғамдық қауіпсіздік деңгейін арттыру жөнінде тапсырма берді
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Ішкі істер министрі Марат Ахметжановты қабылдады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Президентке еліміздегі криминогендік ахуал жөнінде және 30 маусымда өткен Ішкі істер министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында берілген тапсырмалардың орындалу барысы туралы мәлімет берілді.

Кездесуде Қасым-Жомарт Тоқаевқа қылмыс санының азайғаны жөнінде баяндалды. Марат Ахметжановтың айтуынша, кісі өлтіру, бұзақылық, ұрлық, қарақшылық, тонау, мал ұрлығы және денсаулыққа ауыр зақым келтіру және басқа да қылмыстар айтарлықтай азайған.

Президентке елордада жүзеге асырылып жатқан CyberPol жобасының нәтижелері таныстырылды. Жоба интернет-алаяқтыққа қарсы іс-қимылды жетілдіруге бағытталған.

Сонымен қатар министр есірткі қылмысына қарсы күрес бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстардың қорытындысы туралы есеп берді. Жыл басынан бері құқық қорғау және арнаулы органдардың бірлескен күш-жігерінің нәтижесінде 14,3 тонна есірткі, соның ішінде 71,5 кг героин, 652 кг синтетикалық есірткі тәркіленді. ІІМ күштері 52 есірткі зертханасын жойып, 85 тонна прекурсор тәркіледі.

Бұдан бөлек, ұйымдасқан қылмыстық топтардың әрекеттері бойынша 37 қылмыстық іс тергеліп жатыр. Адам саудасына байланысты 111 қылмыс анықталды.

Президентке отбасылық-тұрмыстық салада зорлық-зомбылық жасағандарға қатысты жауапкершілікті қатаңдату шаралары туралы да айтылды. Қазір мұндай құқықбұзушылықтар жәбірленушінің арыз-шағымынсыз тіркеліп, іс қозғала береді.

Мемлекет басшысына жол-көлік оқиғаларының алдын алу және шетелдік автокөліктерді заңдастыру жұмыстарының нәтижелері туралы баяндалды.

Кездесу соңында Президент құқық қорғау органдарына азаматтардың конституциялық құқықтарының қатаң сақталуын қамтамасыз етуді тапсырды. Сонымен бірге Қасым-Жомарт Тоқаев ІІМ басшылығына құқықтық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздік деңгейін одан әрі арттыру жөнінде бірқатар міндет жүктеді.

Өзгелердің жаңалығы