Тоқаев кәсіпкерлер арасында қызу талқыланып жатқан тақырыпты қозғады

12 Қыркүйек 2023, 18:24
949
Бөлісу:
Тоқаев кәсіпкерлер арасында қызу талқыланып жатқан тақырыпты қозғады
Фото: Ақорда

Ақордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың отандық бизнес өкілдерімен кездесуі өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бұл туралы Президенттің баспасөз қызметі мәлім етті.

Президент екінші міндетке тоқтала отырып, активтерді қайтару кезінде мемлекет пен бизнестің мүдделері арасындағы теңгерімді сақтау маңызды екенін айтты.

ЕКІНШІ. Активтерді қайтару кезінде мемлекет пен бизнестің мүдделері арасындағы теңгерімді сақтау маңызды. Бұл – қазір кәсіпкерлер арасында қызу талқыланып жатқан тақырыптардың бірі. Одан хабардармын. Ол жөнінде бөлек ақылдасайық. Таяуда активтерді қайтару жөнінде заң қабылданды. Бұл заң активтерді қайтару шараларын бір мақсатқа жұмылдыруға бағытталған, яғни, мұны қоғамдық келісім актісі десе де болады. Түптеп келгенде, бұл шара экономикамызды сауықтырып, әлеуметтік жікке бөлінушілік пен адамдардың арасындағы алшақтықтың алдын алуға тиіс. Адал бизнеске, шетелдік және отандық инвесторларға бұдан қауіптенудің еш реті жоқ. Мен Жолдауымда жоғары деңгейде өңделген өнім шығаратын кластер құру керек екенін айттым. Экономикамыздың көшбасшылары индустрияландырудың қозғаушы күшіне айналып, соңынан өнеркәсіппен айналысушы кәсіпкерлердің жаңа толқынын ілестіре алады. Мен металлургия, химия, машина жасау және басқа да салаларда, кем дегенде, 15 ірі жобаны іске асыру міндетін жүктедім. Бұл – мемлекеттің де, бизнестің де міндеті. Бюджеттің мүмкіндіктері шектеулі. Бұған қоса, мемлекет тағайындаған менеджерлер де тиісті деңгейде жұмыс істемейді. Сондықтан еліміздің әлеуетті ірі бизнес өкілдеріне үндеу тастағым келеді. Сіздерде қаржы да, тәжірибе де жеткілікті, әлемдік нарықтарға шығатын байланыстар да бар. Сондықтан осындай жобаларды жүзеге асыру мәселесін қарастыруға шамаларыңыз жетеді. Елдің дамуына қаржы құюға дайын екендеріңізді көрсетіңіздер, - деді ол.

Мемлекет басшысының айтуынша, адал әрі өз еліне пайдамды тигізсем деген ниеттегі бизнес әрдайым құрметке лайық және олар мемлекеттің қорғауында болады. 

Ашығын айтайын. Жоғары да айтылған өндірістерге инвестиция салу активтердің түп төркінінің заңдылығын дәлелдеуге талпыныс ретінде қарастырылады. Егер сіз бұрын-соңды ие болған капитал тек меншік иесіне ғана емес, сондай-ақ ұлттық экономиканың игілігіне және Қазақстанның өркендеуіне қызмет етсе, онда бұл – ақшаның қайдан келгені жөніндегі сұрақты күн тәртібінен алып тастауға жақсы себеп. Алайда мұндай мәмілеге келу мүмкіндігі барған сайын азайып келеді. Оны да түсіну керек. Үкімет экономиканы әртараптандыру үшін ірі бизнестің бүкіл қаржылық, технологиялық және кадрлық әлеуетін жұмылдыруы қажет, - деп түсіндірді Президент.

Өзгелердің жаңалығы