Тоқаев: Ғылыми әзірлемелер ел экономикасына нақты пайда әкелуі тиіс

Президент ғылыми жобалардың коммерцияландыру деңгейінің төмендігін сынға алды.

 Ақорданың баспасөз қызметі Бүгiн 2026, 17:29
Бүгiн 2026, 17:29
174
Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да ғылыми қоғамдастықпен кездесу барысында ғылыми әзірлемелердің тиімділігі мен олардың экономикаға нақты әсері мәселесін көтерді. Президенттің айтуынша, ғылым саласында нәтижеге бағытталған нақты өзгерістер қажет, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Президент ғылыми жобалардың коммерцияландыру деңгейінің төмендігін сынға алды.

Ғылым бар сияқты, бірақ оның нақты пайдасын көрмей отырмыз. Үш мыңнан астам қолданбалы жобаның тек 193-і ғана коммерцияландыруға лайық деп танылған, ал нарыққа бар-жоғы 29 жоба шыққан, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы ғылыми әзірлемелердің индустрияға әсері әлсіз екенін атап өтті.

Индустрияға әсері, қайтарымы өте аз. Бұл – өте өзекті мәселе, – деді ол.

Ғылым қорындағы заңбұзушылықтар: 11 қылмыстық іс қозғалды

Президент ғылым саласындағы келеңсіз жағдайларға да тоқталды. Оның айтуынша, Ғылым қорының жұмысына қатысты бірқатар заңбұзушылық анықталған.

Құқық қорғау органдары грант ретінде алынған қаржының кейін тиісті ұйымдар мен қор қызметкерлеріне аударылғанын әшкереледі. Тексеріс нәтижесінде 11 қылмыстық іс қозғалды, – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар Президент жауапкершілік пен бақылаудың әлсіздігіне назар аударды.

Бұл жағдай жауапкершіліктің болмауы, бақылаудың нашарлығы және цифрландыру деңгейінің төмендігі қайда әкелетінін көрсетті, – деді ол.

«Ғылым – жалпыхалықтық іс»

Қасым-Жомарт Тоқаев ғылыми әзірлемелер міндетті түрде қолданбалы сипатқа ие болып, экономиканың нақты секторына енгізілуі тиіс екенін айтты.

Барлық ғылыми әзірлеме қолданбалы мәнге ие болуы керек. Олар экономиканың нақты секторларына белсенді енгізілуі тиіс, – деді Президент.

Инвестиция еселенеді: бизнес ғылымға тартылуы тиіс

Мемлекет басшысы ғылым мен инновацияға инвестиция көлемін арттыру стратегиялық мақсат екенін атап өтті.

Стратегиялық мақсатымыз – ғылым мен инновацияға келетін инвестицияны еселеу. Бұл іске жеке кәсіпорындар мен кәсіпкерлер де атсалысуы қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің айтуынша, ғылым саласында қабылданып жатқан шараларға қарамастан, экономикалық нәтиже әлі де жеткіліксіз.

Ғылыми әзірлемелерден ауыз толтырып айтарлықтай экономикалық әсер жоқ. Осы жағдайдың себептерін анықтауымыз керек, – деді ол.

Үкіметке нақты тапсырма

Президент Үкіметке ғылымды басқарудың жаңа моделін әзірлеуді тапсырды.

Үкімет ғылымды басқарудың нәтижеге бағытталған және бизнеспен серіктестікті дамытатын тиімді моделін жасауы керек, – деді Мемлекет басшысы.

Президент ғылым саласында формализмнен бас тартып, нақты нәтиже беретін жобаларға басымдық беру қажеттігін атап өтті. Ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру, инвестиция тарту және бизнестің қатысуын арттыру – негізгі міндет ретінде айқындалды.

Наверх