Тоқаев Германия канцлері Мерцті келесі жылы Қазақстанға шақырды

Қазақстан Президенті екі ел арасындағы қарым-қатынастардың дамуына жоғары баға беріп, келесі жылға жоспарланған сапар туралы айтты.

 Ақорда 29 Қыркүйек 2026, 23:25
29 Қыркүйек 2026, 23:25
138
Фото: Ақорда

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Берлинде Германия канцлері Фридрих Мерцпен келіссөздер қорытындысы бойынша өткен баспасөз мәслихатында Қазақстан мен Германия арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 35 жыл толар қарсаңында Jibek Joly тілшісі Дильназ Ерланованың екі ел арасындағы қарым-қатынастардың перспективалары туралы сұрағына жауап берді.

Мемлекет басшысы Қазақстанның жүріп өткен жол мен осы уақыт ішінде қол жеткізілген жетістіктерді жоғары бағалайтынын атап өтті.

Германия, өздеріңіз білетіндей, біздің елімізде үлкен құрметке ие. Біз бұл елді жақсы көреміз және құрметтейміз, оның ең алдымен экономикадағы, сондай-ақ басқа да салалардағы жетістіктерін лайықты бағалаймыз. Германия – халықаралық аренада беделі өте жоғары мемлекет, – деді Тоқаев.

Президент Германияға үлкен үмітпен және жаңа келісімдерге қол жеткізу ниетімен келгенін атап өтті.

Біз бұл келісімдерге қол жеткіздік, енді осы келісімдерді тиісті деңгейде жүзеге асыру, орындау міндеті тұр. Сондықтан болашаққа деген көзқарасым өте оң. Мен бұдан да үлкен жетістіктерге жететінімізге толық сенімдімін. Өйткені екі тарапта да осындай нәтижелерге қол жеткізуге деген ниет бар, – деді ол.

Тоқаев сондай-ақ Германия канцлері Фридрих Мерцті келесі жылы Қазақстанға мемлекеттік сапармен келуге шақырғанын айтты.

Келіссөздер барысында мен Канцлер Мерцті келесі жылы өзіне ыңғайлы кез келген уақытта мемлекеттік сапармен Қазақстанға келуге күтетінімізді айттым. Біз бұл сапарға дайындалатын боламыз. Өйткені сапарлар жай ғана барып-қайту үшін жасалмайды. Оның мақсаты – жаңа уағдаластықтарға қол жеткізу және ең күрделі мәселелер бойынша өзара түсіністікке келу, – деп атап өтті Президент.

Оның айтуынша, мұндай өзара түсіністік Германия Президенті Франк-Вальтер Штайнмайердің сапары барысында және Канцлер Фридрих Мерцпен жүргізілген келіссөздер кезінде қалыптасты.

Осы жерде көрсетілген қонақжайлылық үшін алғысымды білдіремін. Менің барлық үмітім ақталды. Әрине, біз бұдан әрі де Германия сияқты ұлы мемлекетпен қарым-қатынастарымыз бен ынтымақтастығымызды дамыту үшін жұмыс істейтін боламыз, – деп қорытындылады Тоқаев.

Наверх