Президент Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ-ның Орталық Азия экономикаларына арналған Арнайы бағдарламасына (СПЕКА) қатысушы мемлекеттер басшыларының бірінші саммитінде сөз сөйледі, деп хабарлайды BAQ.KZ Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мемлекет басшысы, ең алдымен, Саммитті жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиевке алғыс айтып, Орталық Азия елдері басшылары мен жиынға қатысушы құрметті қонақтарға ілтипат білдірді.
Қазақстан 1997 жылы БҰҰ-ның Орталық Азия экономикаларына арналған Арнайы бағдарламасын құруға бастамашы болды. Қазіргі уақытта бұл бағдарламаның өңірлік ынтымақтастықты кеңейту және жаһандық экономикалық процестерге қосылу тұрғысынан тиімді платформаға айналғанын ерекше атап өткім келеді. Арнайы бағдарламаның 25 жылдығына орай ұйымдастырылып отырғандықтан, бүгінгі кездесуіміздің символдық мәні зор. Былтыр Қазақстанның төрағалығы аясында біз Бағдарламаның негізгі бағыттары жөніндегі ықпалдастықты нығайтып, оны жүзеге асыру үшін маңызды шаралар қабылдадық, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің айтуынша, Қазақстан СПЕКА-ны дамытуға, сондай-ақ Орталық Азия мен Кавказ өңірінің ынтымақтастығын нығайтуға Әзербайжан Республикасының қосқан үлесін жоғары бағалайды СПЕКА-ға қатысушы мемлекеттер басшыларының бүгінгі тарихи әрі тұңғыш саммиті атқарылған ауқымды жұмыстың түйіні болмақ.
Бүгінгі кездесу нәтижесінде біздің ашықтық, өзара құрмет пен сенім қағидаттарына негізделген көпжақты ынтымақтастығымыздың көкжиегі кеңейетініне сенімдімін. Геосаяси тұрғыда бөлшектену белең алып, жаһандық экономиканың конъюнктурасы құбылып тұрған қазіргі жағдайда Арнайы бағдарламаның мән-маңызы арта түседі. Ортақ мүддені ескере отырып, СПЕКА-ны одан әрі дамыту жөнінде өз көзқарасымды ортаға салуға рұқсат етіңіздер. Орнықты даму қағидаттары мемлекеттеріміздің ұлттық стратегиялары мен бағдарламаларының өзегіне айналды. Бүгінде Қазақстанда мемлекеттік бюджеттің 80 пайызы орнықты даму мақсаттарына сәйкестендірілді. Үкіметіміздің ең басты міндеті – сапалы білім беру мен денсаулық сақтау ісінің баршаға қол жетімді болуын қамтамасыз ету. Жуырда күшіне енген жаңа Әлеуметтік кодексте әлеуметтік осал топтарға жататын азаматтарды қорғау тетіктері жетілдірілді, – деді Президент.