Тоқаев ел игілігі үшін еңбек етіп жатқан кәсіпкерге ризашылығын білдірді

27 Қазан 2023, 15:47
520
Бөлісу:
Тоқаев ел игілігі үшін еңбек етіп жатқан кәсіпкерге ризашылығын білдірді
Фото: Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев Мемлекет басшысы Талдықорған қаласындағы жаңадан салынған Jetysu Аrena жабық мұз айдынын аралап, спортшылармен әңгімелесті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Спорт нысаны толықтай жеке кәсіпкердің қаражатына салынып, Республика күні ашылған. Жалпы инвестиция көлемі – шамамен 900 миллион теңге.

Кәсіпкер Мұхаметжан Серікұлының айтуынша, бұл нысанда тұрғындар шорт-трек, хоккей және мәнерлеп сырғанау сияқты қысқы спорт түрлерімен айналыса алады.

Сонымен қатар мұнда паралимпиадалық, яғни шаналы хоккеймен шұғылдануға болады. Елімізде хоккейдің бұл түрімен айналысуға арналған екі мұз аренасы бар. Оның бірі Астанада, екіншісі осы Талдықорған қаласында ашылып отыр.

Нысанның жалпы аумағы – 2235,8 шаршы метр. Кешен кәсіби технологиялық құралдармен, оның ішінде тоңазытқыш, мұз құю және спорт жабдықтарымен қамтылған. Соның нәтижесінде мұнда жыл бойы үздіксіз жаттығуға мүмкіндік бар. Аталған жабық мұз айдыны Құрлықаралық хоккей лигасының және Ұлттық хоккей лигасының стандарттарына сай келеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев ел игілігі үшін еңбек етіп жатқан кәсіпкерге ризашылығын білдірді.

Президент спортшылармен әңгімелесу кезінде мемлекет аталған саланы одан әрі қолдайтынына тоқталып, жастардың спортпен тұрақты айналысқанын құптайтынын айтты.

Өзгелердің жаңалығы