Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстан Республикасы Дипломатиялық қызметінің 30 жылдығына арналған халықаралық конференцияда Премьер-министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау сөзін оқып берді.
Тоқаев елдің дипломаттарын елдегі дипломатиялық қызметтің 30 жылдығымен құттықтады.
Біз осы тарихи межеге толағай табыстармен жетіп отырмыз. 186 мемлекетпен дипломатиялық қарым-қатынас орнатып, 50-ден астам халықаралық ұйым мүшесі атандық.Өңірлік және жаһандық үдерістерге белсенді қатысатын белді де, беделді мемлекетке айналдық. Сіздер, тәуелсіздігіміздің алғашқы күнінен бастап халықаралық аренада ел мүддесін қорғап келесіздер.Қазіргі геосаяси тұрақсыздық кезінде Қазақстан жаһандағы орнын ұлғайтып, шет мемлекеттермен ынтмақтастығына зор үлес қосып жүрсіздер, - деген Тоқаевтың сөзін оқып берді Тілеуберді.
Президент отандық дипломатияның 30 жылдығын Жаңа Қазақстанды құрудың бетбұрысы кезеңімен тұспа-тұс келіп отырғанын атаған.
Осы орайда Сыртқы істер министрлігіне зор жауапкершілік жүктеледі. Еліміздің әлемдегі мәртебесін одан әрі асқақтату, сыртқы қауіпсіздігін қамтамасыз ету, шетелдегі азаматтарымыздың құқықтары мен мүдделерін қорғау - дипломаттардың басты міндеті. Еліміздің өңірдегі көшбасшысы мемлекет ретінде ілгерілету, көпвекторлы саясаты берік ұстана отырып, шетелдік серіктестермен инвсетиция, сауда байланысын нығайту аса маңызды. Қазақстанды түбегейлі өзгерту жолына түскен ел ретінде танытуға мән беру қажет. Дипломаттарымыз Жаңа Қазақстанның сыртқы саясатындағы мақсаттарына қол жеткізіп, елімізің әлемдегі беделін одан әрі арттыру үшін аянбай еңбек ету қажет. Осы айтулы күнде сіздерге зор денсаулық, бақ-береке, жауапты қызметтеріңізге табыс тілеймін, - деген Қасым-Жомарт Тоқаев.