Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елордада өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VIII съезінің жабылу салтанатында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Неше күннен бері елордамызда түрлі мәдениет пен өркениет өкілдері бас қосып жатыр. Меймандарымыздың діні мен ділі бөлек болса да, ерік-еркі бір екені сөзсіз. Съездің қорытындысы декларациясы – соның айқын дәлелі. Құжатта ортақ идеялар мен ұсыныстар көрініс тапты. Жалпы, форумның түпкі мәні де – осы. Біз құрмет пен сыйластыққа негізделген сындарлы диалогтың айқын куәсі болдық. Ең бастысы, дінбасылар ортақ мүдде жолында күш біріктіруге дайын екенін көрсетті. Шын мәнінде, салмақты және сындарлы диалог – нағыз даналықтың көрінісі. Сіздер бүкіл әлемге көрегенділік пен парасаттылықтың үлгісін көрсетіп отырсыздар. Геосаяси тұрақсыздық белең алған күрделі кезде мұның мән-маңызы айрықша, - деп атап өтті Президент.
Айтуынша, форум бүгінгі таңда діндер мен мәдениеттер арасындағы өзара ықпалдастықты дамыту, бүкіл адамзат үшін жарқын болашақ жолында ынтымақтастықты арттырудың қаншалықты маңызды екенін айқындады.
Пленарлық және секциялық отырыстарда, діни нысандар мен рәміздерді қорғауға арналған арнайы сессияда, сарапшылардың дөңгелек үстелінде және жас дін лидерлерінің форумында көптеген құнды ойлар мен ұсыныстар айтылды. Қатысушылар зорлық-зомбылықты насихаттайтын деструктивті идеологияларды қатаң айыптап, қазіргі дағдарыстарды реттеу жолдарын қарастырды, әлеуметтік теңсіздікті еңсеру, инклюзивті қоғам құру тетіктерін талқылады. Ерекше назар экология, тұрақты даму, жаңа технологиялар мен жасанды интеллекттің адам өміріне ықпалына аударылды, - деді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ Президент діни жиынға арқау болған басты құндылықтарды атады.
Діни нысандарды қорғау – тарихи жадты, мәдени әралуандылық пен адамзаттың рухани мұрасын сақтау үшін аса маңызды. Мұндай ауқымды шараның Қазақстанда өтуі Орталық Азия өңірінің бұл саладағы рөлінің айрықша екенін көрсетеді. Жас дін лидерлерінің форумы жаңа буынның сабақтастықты сақтап, диалог пен өзара түсіністік жолын жалғастыруға талпынатынын көрсетті. Бұл – әлемнің болашағы бар екенін білдіреді. Ал сарапшылардың дөңгелек үстелі ғылыми және діни білімнің синергиясы рухани дипломатияны терең түсінуге ықпал ететінін айқындады. Осы бағытты кең халықаралық ынтымақтастықтың маңызды құрамдас бөлігі ретінде дамыту қажеттігі атап өтілді, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.