Тоқаев: Қазақстанда демократия бар

4 Желтоқсан 2019, 16:00
17122
Бөлісу:
Тоқаев: Қазақстанда демократия бар

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Германияға жоспарлаған ресми сапарының қарсаңында "Неміс толқыны" телерадиокомпаниясына сұхбат берді. Бұл туралы мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Берік Уәли хабарлады.

Мемлекет басшысы канцлер Ангела Меркельмен жүргізетін алдағы келіссөздер, екіжақты қарым-қатынастардың ахуалы жөнінде айтты.

Германия – Қазақстанның негізгі еуропалық серіктесі. Германияның Орталық Азия елдерімен жасайтын сауда-саттығының 86 пайызы Қазақстанға тиесілі. Сапар барысында құны шамамен екі миллиард доллар болатын келісімдер мен меморандумға қол қойылады деп үміттенемін. Жалпы, Қазақстан мен Еуропалық одақтың қарым-қатынастары өте жақсы. 2018 жылы Қазақстанның Еуроодақпен жасаған сауда көлемі 37 миллиард доллардан асты. Бұл – еліміздің бүкіл сыртқы сауда айналымының жартысы. Біздің экономикамызға салынған Германия инвестициясының 80 пайыздан астамы шикізат емес секторға тиесілі. Бұл өте маңызды. Германия машина жасау, ресурстық материалдарды өңдеу және басқа да салалар бойынша әлемдік көшбасшы саналады. Сондықтан біз бұл елмен ынтымақтастық орнатуға мүдделіміз. Барлық мүдделі салаларды әлеуеті зор неміс инвесторларына ұсынатын боламыз. Сонымен қатар оларға ерекше жағдай жасап, оншақты арнайы экономикалық аймағымыздан орын береміз, - деді мемлекет басшысы.

Сұхбат барысында Қазақстанның ішкі саясатына қатысты да бірқатар мәселе сөз болды. Атап айтқанда, саяси жүйе және экономикалық құрылыс моделінің – ресейлік пе, әлде еуропалық па – қайсысы еліміз үшін жақын деген мәселеге Қасым-Жомарт Кемелұлы өзіміздің қазақстандық үлгіге бейілділік танытатынын айтты.

Біз өзіміздің үлгіні жасауға тырысамыз. Демократияны дамытуға ұмтыламыз. Айтпақшы, кейбір журналистердің әртүрлі пікірлеріне қарамастан, Қазақстан Республикасында демократия бар. Елімізде біз қолдау көрсетіп отырған 3500-ден астам үкіметтік емес ұйым жұмыс істейді. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесіне белгілі журналистер, қоғам қайраткерлері, блогерлер, экономистер енген. Мен олармен үнемі ақылдасып, кеңесіп отырамын. Дoing business (бизнес жүргізуге қолайлы жағдай жасау сапасын анықтайтын Бүкіләлемдік банк индексі) көрсеткіші бойынша Қазақстан әлемде 25-орында. Бұл коэффициент бойынша Ресейден алда тұрмыз, - деді президент.

Сонымен қатар, мемлекет басшысы еліміздің сыртқы саяси бағдарының басымдықтарын егжей-тегжейлі түсіндіріп берді.

Өзгелердің жаңалығы