Тоқаев: Бұл – шынайы жаңарудың кезеңі

12 Қаңтар 2022, 23:14
2307
Бөлісу:
Тоқаев: Бұл – шынайы жаңарудың кезеңі
Фото: Ақорда

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елде орын алған жағдайдан кейін еліміздің жағдайы тұрақталғанын, соның негізінде алда атқаратын жұмыстар жайлы айтты.

Бұл туралы ел Президенті өзінің твиттердегі парақшасында жазды.

Мемлекеттің басты міндеті – отандастарымыздың игілігі мен тұрмыс сапасын қамтамасыз ету. Әділ бәсекені дамыту, шағын және орта бизнесті қолдау, мемлекеттік қолдау шараларының ашықтығы – жаңа экономикалық бағыттың негізгі қағидалары. Үкімет ұлттық валютаның тұрақты бағамын қамтамасыз етуге басымдық беруге тиіс. Теңгені бекемдемей және инфляцияны төмендетпей, орнықты экономикалық өсімге қол жеткізу, азаматтардың әл-ауқатын арттыру, инвесторлардың сеніміне ие болу мүмкін емес - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар ол өңірлер арасындағы даму алшақтығын еңсеруге баса мән беру керектігін атап өтті.

Жұмыспен қамту мәселесін шешіп, еліміздің барлық облысының әлеуметтік және мәдени дамуына жағдай жасау керек. Аймақтарда шетелдік жетекші жоғары оқу орындарының филиалдары ашылады. Жалпыхалықтық «Қазақстан Халқына» қоры азаматтардың нақты проблемаларын шешуге қызмет етеді. Қор сирек кездесетін ауруға шалдыққан балаларды емдеуге көмектесіп, әлеуметтік және мәдени нысандардың құрылысын қаржыландырады. Алматыны қалпына келтіруге қаржы бөлінеді - деді Президент.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы еліміз дамудың жаңа кезеңіне қадам басқанын айты.

Мемлекетіміздің тұтастығын, бейбітшілік пен келісімді бірлесіп сақтай алдық. Азаматтарымыз экстремистермен күресте патриотизм мен бірліктің үлгісін көрсетті. Еліміз дамудың жаңа кезеңіне қадам басты. Бұл – шынайы жаңарудың кезеңі. Табысты әрі өркендеген Қазақстанды бірге құрамыз! - деді Мемлекет басшысы.

Өзгелердің жаңалығы