Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Egemen Qazaqstan газетіне берген сұхбатында Үкіметтің құзыретіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Кез келген елдің Үкіметі стратегиялық міндеттері мен күнделікті жұмысын қоса атқарады. Бізде де солай. Ең бастысы, тиімді жоспарлау және ресурстарды орынды пайдалану керек.
Үкіметтің қазіргі құрамы былтыр көктемде ғана жасақталды. Конституциялық реформа жасалып, Парламент сайлауы өткен соң алдыңғы Парламенттің де, Үкіметтің де мандаты күшін жойды. Конституцияға сәйкес бұрынғы Үкімет жаңадан сайланған Мәжіліс депутаттарының алдында өз өкілеттігін тоқтатты. Сайлауда ең көп дауыс алған «Amanat» партиясы Премьер-Министрдің кандидатурасын ұсынды. Әрине, партия мұны Президентпен ақылдаса отырып жүзеге асырғанын жасырмаймын. «Amanat» партиясының сайлау алдындағы тұғырнамасының экономикаға қатысты бөлігі қазіргі Үкіметтің бағдарламасы негізінде жасалды.
Бүгінде Үкіметтің өкілеттігі айтарлықтай кеңейді. Қыркүйек айында құрылымы өзгерген Президент Әкімшілігі еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты стратегиялық бағыттарға баса назар аударатын болды, - деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Оның айтуынша, енді Әкімшілік бұрынғыдай Үкіметті, кейбір министрліктер мен ведомстволарды жетелеп жүрмейді. Президент Әкімшілігі атқарушы биліктің қызметіне араласпай, басты саяси штаб ретінде ғана жұмыс істейді.
Осыған дейін екі органның да құзырында болған бірқатар өкілеттік Үкіметке берілді. Түрлі салаға қатысты шешім қабылдау құқығы Үкіметке және басқа да жауапты органдарға өтті. Аймақтардың бюджетке қатысты дербестігі арта түсті. Бір сөзбен айтсақ, қазір Үкіметтің өнімді жұмыс істеуі үшін мүмкіндіктері жеткілікті. Атқарушы билікке жан-жақты ойластырылған іс-қимыл стратегиясы және өз міндетін тиімді жүзеге асыруға деген ынта-жігер ғана қажет. Дербестікке және қосымша өкілеттікке ие болуға ұмтылған Үкімет қалағанын алды. Бірақ «алмақтың да салмағы бар», оларға қойылатын талап та күшейді. Үкімет мұны түсінуге тиіс, - деді Мемлекет басшысы.