Тоқаевтың бір жылы. Үндеуден Үндеуге дейін

19 Наурыз 2020, 12:25
5942
Бөлісу:
Тоқаевтың бір жылы. Үндеуден Үндеуге дейін
PHOTO
Фото: Бауыржан ЖУАСБАЕВ

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Осыдан тура бір жыл бұрын Қазақстан Республикасының Тұңғыш президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өз қалауымен президенттіктен бас тартқан еді.

image-19-03-20-01-57-6.jpeg

Мен Қазақстан Республикасының президенті ретіндегі өкілеттігімді тоқтату жөнінде шешім қабылдадым. Бұл – оңай шешім емес. Биыл еліміздің ең жоғары лауазымындағы қызметімді атқарып келе жатқаныма 30 жыл толады. Халқым маған тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш президенті болу мүмкіндігін берді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына арнаған Үндеуінде.

image-19-03-20-01-56.jpeg

Барлығы осы Үндеуден басталды.

Ол Қазақстан тәуелсіздігінің алғашқы күндерінен бастап менімен бірге жұмыс істеп келеді. Мен оны жақсы білемін. Ол – адал, әрі жауапкершілігі жоғары азамат. Еліміздің ішкі және сыртқы саясатын жан-жақты сезінеді. Ол барлық бағдарламаларды әзірлеуге және қабылдауға атсалысты. Қасым-Жомарт Кемелұлы Қазақстанды басқаруға нағыз лайықты азамат деп сенемін, – деді Елбасы өз Үндеуінде орнына Қасым-Жомарт Кемелұлын тағайындайтынын ескертіп.

Елбасы сенімі – ел ертеңіне деген жауапкершілікті жүктеді. Тоқаев бір жылда бұл сенім үддесінен шыға білді.

image-19-03-20-01-56-2.jpeg

Сонымен, Қасым-Жомарт Кемелұлы бір жылдың ішінде қандай жұмыс істеп, қандай шешімдер шығарды, қандай заңға қол қойып, қай елдерге сапар жасады осыған тоқталсақ.

Тоқаев ел тізгінін ұстағаннан кейін 14 рет шет елге (Ресей - 3, Өзбекстан, Қытай Халық Республикасы, Біріккен Араб Әмірліктері, Тәжікстан, Қырғызстан - 2, АҚШ, Армения, Түрікменстан, Германия - 2) сапарлады. Оның үшеуі ресми, үшеуі мемлекеттік және басқалары жұмыс сапары болды. Ал 35 рет Қазақстанның ішкі өңірлеріне, облыстарға арнайы сапармен барып қайтты.

image-19-03-20-01-56-5.jpeg

Ол бір жылда 72 рет шетелдік өкілдерді, 211 рет ел азаматтарын қабылдады. Сонымен қатар, 159 жарлық (қаулы), 101 өкім шығарып, 64 заңға қол қойды.

Билік тізгіні қолына тиген бір жылдың ішінде Қасым-Жомарт Тоқаев 74 кадрды қызметке тағайындап, 59 адамды жұмыстан босатса, 4 қызметкерге қатаң сөгіс берді.

image-19-03-20-02-03-2.jpeg

Бір Жолдау, бір мақала жариялаған Тоқаев отандығы бар, шетелдігі бар бірқатар БАҚ-қа 4 рет сұқбат берді. Сонымен қатар, ол 4 рет мәлімдеме жасады.

Қасым-Жомарт Кемелұлы 37 рет шетел басшыларымен телефон арқылы сөйлессе, 38 шет елге жеделхат жолдап, 297 құттықтау мен 17 көңіл айту жеделхатын қабылдады. Ол бір жылдың ішінде Қазақстан халқын 12 рет түрлі мерекелермен құттықтап, 26 елдің елшілерінен сенім грамоталарын қабылдады.

Ел ертеңі үшін, мемлекет болашағы үшін түрлі жиындарда, әлемдік мінбелер мен саяси тартыстарда ұлт мүддесін, артта сенім білдіріп отырған халық үмітін ақтап шығу оңай емес. Бір жылда Қасым-Жомарт Тоқаев 19 кеңес, 10 брифинг, 5 жиын, 5 отырыс өткізді. Оның сыртында, 14 отырысқа, 7 форумға, 3 шетелдік жиынға, 2 мемлекетішілік ауқымды конференцияға қатысты.

image-19-03-20-01-56-7.jpeg

Шетелдік сапарларда, елге келген өзге мемлекеттің саяси тұлғаларымен кездесуде мемлекет басшыларының саяси ұстамдылығы сынға түсері анық. Ондайда "сыпайы сырын алдырмас" деп сипай қамшылап, сыр бермегенге жетері жоқ. Тоқаев та бір жыл көлемінде 79 рет шетелде кездесу өткізсе, 62 рет Қазақстандағы шетелдік саясаткерлермен тізе түйістіре отырып, сындарлы сұхбат өткізген екен. Одан бөлек, елге келген 17 шетелдік өкілмен кездессе, 14 рет келіссөз жүргізді. Ел тынысын танығың келсе, ел ішіне бар дегендей, қауымның ойын қасында тұрып тыңдағанға не жетсін. Бұл тұрғыда бүгінге дейін Тоқаев 11 рет аймақ жұртшылығымен жолықты.

Біздің сөз еткеніміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың бір жылда атқарған қызметінің сыртқы пішіні. Ал бұның ішіне үңіліп, жалпылама тарқатар болсақ, тым ұзаққа созылып, оқырманның төзімін тауысып аларымыз кәдік.

Олай болса, ел тізгінін ұстаған еңсегей азаматтың сонау бір жыл бұрын Нұрсұлтан Әбішұлы өз Үндеуінде айтқан сенім үддесінен шыға алды ма, сол тұрғыдан бір шолып көрейік.

Тоқаев таңдаған тура жол

Ол сайлауалды бағдарламасында Қазақстанның Тұңғыш президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ел басқарудағы саяси ұстанымын жалғастыратынын айтты. "Игілік баршаға! Сабақтастық. Әділдік. Өрлеу" сайлауалды бағдарламасы мен "Бірге" жалпыұлттық акциясын өзек еткен ұстанымы да оның Назарбаев жолын жалғастыратынын айқын көрсеткен еді.

image-19-03-20-02-01-2.jpeg

Аталған бағдарламада Қасым-Жомарт Тоқаев кезектен тыс сайлауда жеңіске жетіп, мемлекет басшысы болған жағдайда қандай саясат ұстанып, елде қандай реформалар жүргізетіндігі жөніндегі мәліметтер көрініс тапқан. Бағдарламада елдің ішкі және сыртқы саясатына қатысты, сондай-ақ экономика және әлеуметтік саласына қатысты мәселелер толық қамтылған.

image-19-03-20-01-57-5.jpeg

Тоқаев билік тізгінін ұстаған бір жыл ішінде елде алғаш рет Назарбаевтың қатысуынсыз Президент сайлауы өтті. 6 үміткер қатысқан сайлауда Қасым-Жомарт Тоқаев 70,76% дауыс жинап Қазақстанның заңды президенті болды.

Қазақстанның Тұңғыш президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев бүкіл әлем мойындаған қуатты, көпұлтты мемлекет құрды. Біздің ендігі міндетіміз – қолдағы барымызды қадірлеп, жетістіктерімізді сақтап, өрлеу мен жасампаздық жолында болашаққа батыл қадам басу, – деді Тоқаев өзінің сайлаудағы жеңісті сәтімен бөліскен сөзінде.

Ел тізгінін ұстаған Қасым-Жомарт Тоқаевтың ең алғашқы Жарлығы Нұрсұлтан Назарбаевқа "Халық қаһарманы" атағын берумен басталды.

image-19-03-20-02-09-5.jpeg

Мұнан соң Тәуелсіз Қазақстан тарихында алғаш рет астана атауын өзгерту ұсыныс-шешімін қабылдады. Бұл Егемен елдің алғашқы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың құрметіне жасалған қадам еді. Бас қаланың атауын "Нұр-Сұлтан" деп атау, сонымен қатар еліміз көлеміндегі елді мекендердің басты көшелеріне Нұрсұлтан Назарбаев атын беру шешімі де Елбасына деген құрметтің ерекше қолтаңбасы болып қалды.

Тоқаевтың тыңнан салған тура жолы

Қасым-Жомарт Кемелұлының кемелдігін танытқан елдік шешімдерінің бірі – көпбалалы отбасылардың 300 мың теңге көлеміндегі бір реттік несиесін өтеп беруі. Сонымен қатар, көпбалалы отбасыларға берілетін АӘК мәселесін шешуге алғашқы қадам жасалды. 2020 жылы бұл мақсатқа 326,9 млрд теңге бөлінді (республикалық бюджеттен – 279,9 млрд теңге, жергілікті бюджеттен – 46,9 млрд теңге). 2019 жылы АӘК төлеуге 244,2 млрд теңге бөлінген болатын.

image-19-03-20-02-01.jpeg

Ал "Педагог мәртебесі туралы" заңның қабылдануы елдегі етекбасты болып, ел ермегіне айналған ұстаздар қауымын бір серпілтіп тастағанын несін жасырайық.

Тоқаев билігі ел тарихындағы тағы бір елеулі қадамды жасады. Ол – "Жусан" операциясы. "Жусан" арқылы Сириядағы түрлі діни ағым жетегінде кетіп, тоз-тозы шыққан отандастарымыз елге оралды.

Менің тапсырмам бойынша 28-31 мамырда "Жусан" арнайы гуманитарлық акциясының соңғы кезеңі табысты өтті. Сириядан отандастарымыздың кезекті тобы оралды. Қазақстанның мемлекеттік құрылымдарының жүйелі жұмыстарының және шетелдік серіктестермен тығыз ықпалдастықтың арқасында қақтығыс аймағынан 171 бала шығарылды. Қазақстанға оралған соң, олар оңалту шараларынан өтіп, барлық қажетті көмек алатын арнайы бейімдеу орталығына орналастырылды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев "Жусан" операциясының соңғы кезеңі аяқталғаны туралы мәлімдемесінде.

image-19-03-20-02-03-6.jpeg

Үш рет өткен "Жусан" операциясы кезінде Сириядан барлығы 357 қазақстандық бала елге жеткізілген.

Қасым-Жомарт Кемелұлының келесі бір қадамы – Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құру туралы Жарлығы. Құрамына әлеуметтік, қоғамдық, саяси сала өкілдері кірген бұл кеңестің басты міндеті - халық пен билік арасына алтын көпір болу. Осы кеңестің араласуы арқылы елімізде бірқатар заңға өзгертулер енгізілу ұсынылды. Бұған дейін үш отырысы өткен кеңес елдегі бірден бір қоғамдық-саяси институтты қалыптастырып келеді.

Бұл демократияны нығайтуға және қоғамның билікке деген сенімін арттыруға үлкен серпін беретін жұмыс деп санаймын. Біздің тәжірибеміз халықаралық ұйымдар тарапынан жоғары бағаланып отыр. Көпшілік оны жауапты әрі сындарлы диалогтың үлгісі ретінде қабылдады. Ең бастысы, Ұлттық кеңес қоғамның сенімін ақтай алатынын дәлелдеді. Мұның тағы бір маңызды қыры бар. Біз сындарлы диалог арқылы жаңа саяси мәдениеттің негізін қалыптастырып жатырмыз. Соның арқасында, сан алуан пікірлер мен балама көзқарастар, сындарлы ұстаным, жауапкершілік сияқты құндылықтар алдыңғы қатарға шығады, – деді мемлекет басшысы Ұлттық кеңестің екінші отырысында сөйлеген сөзінде.

image-19-03-20-02-09-2.jpeg
Қасым-Жомарт Тоқаев билігі ел санасындағы ежелгі дәстүрдің бірі - "Асар" ұғымын жаңғыртты. Елде "Еріктілер жылын" жариялады. Қазақ қоғамындағы ең ізгі іске айналған бұл бастама 2020 жылы халқымыздың бір-біріне деген өшпес бауырмалдығын одан ары жалғастыра түсері сөзсіз.

Тоқаевтың тағдыршешті тура жолы

image-19-03-20-02-14-2.jpeg

Өзінің сайлауалды бағдарламасында да, президенттік сайлаудан жеңіп шығып, мәртебелі мінберде тұрып сөйлеген сөзінде де Тоқаев Елбасы жолын жалғастыратынын айтқан еді. Ол осы сөзін іспен дәлелдеп келеді. Мемлекет басшысы ретіндегі алғашқы Жолдауы да соның айғағы іспетті.

Қазір бізге Тәуелсіздіктің жетістіктерін еселеп, елімізді дамудың жаңа сапалы кезеңіне шығару мүмкіндігі беріліп отыр. Біз бұған Елбасы саясатының сабақтастығын сақтап, жүйелі реформалар жүргізу арқылы қол жеткізе аламыз, – деген Тоқаев өз Жолдауында бұған дейін айтылмаған біраз мәселені көтерді.

image-19-03-20-02-14-8.jpeg

Жолдау ел дамуының локомативі десек, бұл жолғы вагондарда қатайтуға тиіс заңдар, "еститін үкімет", Абайдың 175, әл-Фарабидің 1150, Алтын Орданың 750, Екінші дүниежүзілік соғыстың 75 жылдығы, "Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет", парламентте оппозициялық партиялар санын көбейту, т.б. қатарлы мәселелер тиелген болатын.

Нақтырақ айтар болсақ, митингтер туралы заң баптарын жеңілдету, партия тіркеу тәртібін өзгерту, броконьерлерге қатысты заң талаптарын қатайту қатарлы құқықтық мәселер осы Жолдауда баса айтылды.

image-19-03-20-02-09-4.jpeg

Жолдаудағы келесі бір өзекті тақырып мемлекеттік тіл мәселесі болды.

Қазақ халқының мемлекет құраушы ұлт ретіндегі рөлін бекемдеп, этносаралық татулық пен дінаралық түсіністікті қалыптастыра беруіміз қажет. Біздің ұстанымымыз: "Ел бірлігі – оның әралуандығында!". Еліміздегі этникалық топтардың тілі мен мәдениетін дамытуға жағдай жасай береміз. Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді деп есептеймін. Бірақ мұндай дәрежеге жету үшін бәріміз даңғаза жасамай, жұмыла жұмыс жүргізуіміз керек. Сондай-ақ, тіл үлкен саясаттың құралы екенін де ұмытпаған жөн, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында.

image-19-03-20-02-15-1.jpeg

Бір жылда бір мақала, төрт сұхбат берген мемлекет басшысының "Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан" атты мақаласы Абай философиясы мен қазіргі Қазақ елінің қоғамдық болмысын тамаша түйістірген дүние болды.

Абайды өз заманындағы іскерліктің ұйытқысы, еңбекқорлықтың мотиваторы деуге болады. Ұлы ойшыл шығармаларында кәсіптен нәсіп тапқандарды, шаруақорлыққа үйрену дағдыларын үлгі етеді. Ол тұрмыс сапасын жақсарту үшін еңбек етудің жаңа тәсілдерін меңгеруге шақырады. Сонымен қатар, ақын бастамашылдықты, кәсіптегі адалдықты жоғары қояды. Мысалы, өзінің оныншы қара сөзінде "Ерінбей еңбек қылса, түңілмей іздесе, орнын тауып істесе, кім бай болмайды?", – деп тұжырым жасайды. Абайдың ойынша, табыс табу үшін қолөнер үйрену керек. Себебі "мал жұтайды, өнер жұтамайды" (отыз үшінші қара сөз). Ұлы ақынның бұл ойлары бүгінгі Қазақстан қоғамы үшін де өзекті деп санаймын. Сондықтан біз бүгінгі таңда шикізатқа тәуелділік психологиясынан арылуды, шағын және орта бизнесті барынша өркендетуді негізгі басымдықтың бірі ретінде белгілеп отырмыз, – деді президент өз мақаласында.

image-19-03-20-02-09-1.jpeg

Ұлт руханияты үшін, кемел келешек үшін, осы елдің тыныштығы мен береке-бірлігі үшін аянбай тер төккен бір жылда келеңсіз жайттарға да кездеспей қалған жоқ. Кешегі Арыстағы жарылыс, Қордайдағы ұлтаралық қақтығысқа ұласа жаздаған тәртіпсіздік. Дегенмен, "бір қателік – бір сабақ" деп, әр қателігінен сабақ алуға үйренген халықтың ұрпағы емеспіз бе?! Арыс оқиғасы елдегі Қауіпсіздік мәселесін түбегейлі талқыға салудың кезек күттірмес жағдай екенін көрсетті.

Бұл қауіптілігі жоғары нысандарға жақын жерге құрылыс жұмыстарын жүргізуге рұқсат берген азаматтық мемлекеттік қызметшілерге де қатысты. Кінәлілердің бәрі қатаң жауапқа тартылып, жазалануы тиіс, – деді Тоқаев Арыс оқиғасына қатысты.

image-19-03-20-01-57.jpeg

Ал Қордай мәселесі елдегі қордаланып қалған мемлекеттік тіл мәселесін тағы қозғады. Президент өз Жолдауында "Қазақ тілі ұлтаралық қатынас тіліне айналуы керек" десе де, тіл мәселесін түбегейлі шешу арқылы ғана ұлттар ынтымағын нығайта түсетінімізді аңғартты.

image-19-03-20-02-14-1.jpeg

"Отбасындағы көңілді, базардағы нарық бұзады" дегендей, Қасым-Жомарт Тоқаевтың бір жылдағы президенттік қызметі барысында әлемдік деңгейде болсын, республикалық деңгейде болсын, атқарсам деген, жүзеге асырсам деген алдағы жоспарлары, белгіленген шаралар көп еді. Алайда, өткен жылдың соңында Қытайдан тарап, бүгінгі таңда әлемнің 176 еліне жетіп үлгерген коронавирус індеті бүкіл жоспарды шегеруге тура келтірді. Әйтпесе Абайдың 175 жылдығы, әл-Фарабидің 1150 жылдығы, Алтын Орданың 750 жылдығы қатарлы әлемдік деңгейдегі даталы мерейтойларды атап өтуге тиісті дайындықтар жүргізіліп қойған болатын.

image-19-03-20-02-09-11.jpeg

Ел көлемінде 37 адам коронавирус індетін жұқтырып, дәрігерлер көмегіне жүгініп жатыр. Нұрсұлтан Назарбаев Үндеу жасап, өз орнына Қасым-Жомарт Кемелұлын тағайындайтынын айтып, сенім білдіріп басталған Тоқаев билігінің алғашқы жылы коронавирустан сақтану, елдің ең басты екі қаласын карантинге жабу, елді сабырға шақыруға қатысты Үндеуімен аяқталды.

Ертең еліміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастауындағы екінші жылға аяқ басады. Бұған дейінгі бір жылда атқарған ісіне қысқаша шолу жасадық. Алла жанға амандық берсе, алдағы жылдарына да куә боламыз деген сенімдеміз. Әрқашан сабыр мен бірлік, тәубе мен ынтымақ серігіміз болсын!

Өзгелердің жаңалығы