Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Бағанашыл" балалар үйінің тәрбиеленушілерін Алматыдан Қонаев қаласына көшіруге тыйым салды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.
"Бағанашыл" балалар үйінің тәрбиеленушілерін Алматыдан Қонаев қаласына көшіруге байланысты жағдаймен танысқан Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалдыға оқушылардың оңтүстік астанада білім алуын жалғастыру үшін балалар үйіне жөндеу жұмыстарын жүргізуді және аталған нысанды қаланың балансына алуды тапсырды, - делінген Ақорда хабарламасында.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, балалар үйі көшірілмейді.
Аталған жағдайға байланысты Президент Әкімшілігі қызметтік тексеріс жүргізеді.
Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың заң шеңберіндегі барлық құқығы толық сақталады.
Еске салайық, бұған дейін Бағанашылдағы балалар үйі жергілікті биліктің уәделеріне қарамастан Қонаев қаласына көшірілетін болғанын жазған едік.
Қоғам белсендісі Аружан Саин Алматыдағы балалар үйінің тәрбиеленушілерін олардың еркінен тыс Қонаевқа көшіріп жатқан видеоны жариялады. Балалардың бірі есінен танып қалған.