Тоқаев ауылдағы кәсіпкерлерге өнімін цифрлық платформалар арқылы сатуға мүмкіндік беретін жобаларды іске қосуды тапсырды

28 Қазан 2026, 12:21
АВТОР
 pixabay.com 28 Қазан 2026, 12:21
28 Қазан 2026, 12:21
102
Фото: pixabay.com

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халықтық цифрлық экономиканы дамыту үшін азаматтардың мүмкіндігі тұрғылықты жеріне тәуелді болмауы керектігін айтты. Үкіметке бизнес өкілдерімен бірлесіп, ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізуге көмектесетін пилоттық жобаларды іске қосу тапсырылды. Бұл туралы Мемлекет басшысы Жолдауда мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Президенттің айтуынша, ауылда да, қалада да тұратын азаматтар смартфонды заңды жолмен табыс табуға мүмкіндік беретін құрал ретінде пайдалануды үйренуі керек.

Кәсіпкерлікті қолдаудың қолданыстағы мемлекеттік шараларын жеке маркетплейстердің, банктердің, логистикалық компаниялар мен цифрлық сервистердің мүмкіндіктерімен ұштастыру қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы несие беру мен субсидиялаудан бөлек, тауар өндіру және оны өткізуге көмектесетін қосымша цифрлық құралдарды енгізу маңызды екенін атап өтті.

Келесі жылы Үкімет бизнес-қоғамдастықпен бірлесіп, бірқатар өңірде цифрлық даму жөніндегі пилоттық жобаларды іске қосуы керек. Олар ауылдағы өндірушілерге өз өнімін өткізуге көмектеседі. Сәтті тәжірибелерді барлық өңірге тарату қажет, – деді Президент.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы активтерді токенизациялау мүмкіндігін толық пайдалануға шақырды. Бұл – активтерді цифрлық ортаға көшіру арқылы оларды иелену мен инвестиция тартудың жаңа мүмкіндіктерін ашу.

Бұл азаматтарға компаниялар мен түрлі нысандардың ортақ иесі болуға, ал кәсіпкерлерге артық делдалдарсыз тікелей капитал тартуға мүмкіндік береді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент халықтық цифрлық экономиканы құрудың стратегиялық мақсаты заманауи технологияларды әр азаматтың әл-ауқатын арттыру үшін пайдалану екенін атап өтті.

Наверх