Тоқаев Астанада Черногория президентін қарсы алды

19 Маусым 2026, 11:00
АВТОР
 Ақорда 19 Маусым 2026, 11:00
19 Маусым 2026, 11:00
568
Фото: Ақорда

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Астанадағы Тәуелсіздік сарайында Черногория Президенті Яков Милатовичті салтанатты түрде қарсы алды. Елордада жоғары деңгейдегі халықаралық кездесулер жалғасып жатыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен Қазақстанға ресми сапармен келген Черногория Президенті Яков Милатовичті Тәуелсіздік сарайында қарсы алды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Салтанатты қарсы алу рәсімінде екі елдің мемлекеттік тулары көтеріліп, Қазақстан мен Черногорияның әнұрандары орындалды. Мемлекет басшылары бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды.

Осыдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Яков Милатович келіссөздер өтетін залға бет алды.

Онда Қазақстан мен Черногория президенттері жоғары деңгейдегі келіссөздер өткізеді. Кездесу барысында саяси диалогты нығайту, сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты дамыту, сондай-ақ мәдени-гуманитарлық байланыстарды кеңейту мәселелері талқыланады.

Айта кетейік, Черногория Президенті Яков Милатович Қазақстанға 18-20 маусым аралығында ресми сапармен келді. Сапар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен ұйымдастырылып отыр.

Черногория жайлы не білеміз?

Черногория - Балқан түбегінде, Адриатика теңізінің жағалауында орналасқан Еуропадағы шағын мемлекет. Ел 2006 жылы өткен референдум нәтижесінде Сербиямен мемлекеттік одақтан шығып, тәуелсіздігін жариялады.

Мемлекеттің астанасы – Подгорица қаласы. Халқы шамамен 620 мың адам.

Ел экономикасында туризм маңызды орын алады. Әсіресе Адриатика жағалауындағы курорттары мен тарихи қалалары әлем туристерінің қызығушылығын тудырады.

Айта кетейік, Черногория Қазақстанның Балқан өңіріндегі маңызды серіктестерінің бірі саналады. Биыл 14 шілдеде Қазақстан мен Черногория арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың орнағанына 20 жыл толады. Осы уақыт аралығында екіжақты саяси диалог тұрақты дамып, мемлекетаралық байланыстар жаңа деңгейге көтерілді.

Екі ел арасындағы ынтымақтастықты нығайту мақсатында 2024 жылдың желтоқсан айынан бастап Подгорица қаласында Қазақстан Республикасының Бас консулдығы жұмыс істейді. Дипломатиялық өкілдік практикалық және гуманитарлық мәселелерді шешумен қатар, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамытуға ықпал етіп келеді.

Наверх