Тоқаев Алматыда БҰҰ-ның өңірлік орталығын құруды ұсынды

24 Қараша 2023, 17:05
594
Бөлісу:
Тоқаев Алматыда БҰҰ-ның өңірлік орталығын құруды ұсынды
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы елдің барлық азаматы әлеуметтік, технологиялық және экономикалық прогрестің пайдасын тең дәрежеде көре алатын инклюзивті келешекті қамтамасыз ету мақсатында бұл бағдарламаны жүзеге асыруды жалғастыруға ниетті екенін атап өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Қазақстанның Алматыда Орталық Азия елдері мен Ауғанстан үшін БҰҰ-ның орнықты даму жөніндегі өңірлік орталығын құру туралы бастамасы осы мақсаттың үдесінен шығады.

Сауда мен өзара тиімді кооперацияны кеңейтуге елдеріміздің мүмкіндігі мол. Қазірдің өзінде Қазақстан мен СПЕКА-ға қатысушы мемлекеттер арасындағы тауар айналымы қарқынды түрде өсіп келе жатқаны байқалады. Былтыр өзара сауда көлемі үштен бір есе артып, 10 миллиард долларға жуықтады. Таяу келешекте бұл көрсеткішті екі есе арттыруға толық мүмкіндігіміз бар деп санаймын. Біз бір-бірімізді бәсекеге қабілетті бағаға сай түрлі тауарлармен қамтамасыз ете аламыз. Осы арқылы өзге елдерден келетін импортты қысқартуға болады. Қазақстан СПЕКА елдеріне жалпы сомасы 2,3 миллиард доллар болатын 175 шикізаттық емес тауар түрінің экспортын ұлғайтуға дайын. «Жасыл» дәліздер жасау, түрлі кедергілерді алып тастау сауда-саттық жөніндегі ынтымақтастығымызға, соның ішінде құрылыс, химия және тамақ өнеркәсібі салаларындағы ықпалдастығымызға тың серпін береді. Сонымен қатар біз серіктестеріміздің тиісті ұсыныстарын қарастыруға дайынбыз, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев СПЕКА аясында елдеріміздің өнеркәсіп кооперациясы саласындағы әлеуеті жоғары деп санайды

Бұл ретте энергетика, көлік-логистика, ауыл және су шаруашылығы салаларына арналған техника мен құрал-жабдықтардың инновациялық үлгілерін әзірлеу және оларды өндіру үшін машина жасау компанияларының тәжірибесі мен күш-жігерін біріктірудің келешегі зор. 

Президенттің пікірінше, өндіріс саласында тең негізде ауқымды жобаларды жүзеге асыру аймақ мемлекеттерінің жаһандық бәсекеге қабілеттілігін нығайта түседі.

Қазақстан азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге елеулі үлес қосуға ұмтылыс жасап отыр. Соңғы бес жылда біз ауыл шаруашылығы өнімдерінің өндіріс көлемін екі есе арттырдық. Қазір 80-нен астам елге өнім экспорттаймыз. Біз СПЕКА елдерімен осы бағытта белсенді жұмыс істеуге ниеттіміз. СПЕКА елдері арасындағы инвестициялық ынтымақтастықты ынталандыратын құралдарды ойлап табуға айрықша мән берген жөн. Осыған байланысты экономикалық даму мен интеграцияға ықпал ету үшін БҰҰ аясында СПЕКА арнайы қорының (trust fund) негізін қалау аса өзекті деп ойлаймыз. Арнайы бағдарламаның маңыздылығын ескере отырып, Қазақстан Қорға қаржылай үлес қосуға әзір, – деді Қазақстан Президенті. 

Өзгелердің жаңалығы