Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Астана халықаралық форумында Алматыда БҰҰ-ның өңірлік орталығын құруды ұсынды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Еліміз әрқашан бейбітшілік пен халықаралық қауіпсіздікті нығайтуға бар күш-жігерін салып келеді. Ядролық қарусыздануды табанды түрде қолдаймыз және Ядролық қаруды таратпау туралы шартты ұстанамыз. Қазақстан Сирия дағдарысын шешу үшін Астана бейбітшілік үдерісіне бастамашы болды, - деді ол.
Мемлекет басшысы атап өткендей, Астана әлемдік діндер көшбасшыларының съездері өтетін тұрақты мекенге айналды.
Штаб-пәтері Астанада орналасқан Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесі өңірлік және жаһандық проблемаларды шешудің беделді тетігіне айналды. Біз Ауғанстандағы гуманитарлық дағдарысты еңсеруге белсене атсалысамыз. БҰҰ-ның қамқорлығымен ауған халқына жан-жақты көмек көрсетуді одан әрі арттыру қажеттігін атап өткім келеді. Осы тұрғыда Алматыда БҰҰ-ның Орталық Азия мен Ауғанстанның орнықты даму мақсаттарының өңірлік орталығын құру маңызды, - деп айтты Тоқаев форумда.
Президент форумда Қазақстан жаһандық және өңірлік әріптестермен достық қарым-қатынасты сақтауға бар күш-жігерін салып жатқанын атап өтті. Тоқаев атағандай, еліміз Орталық Азиядағы бауырлас елдермен аймақтық ынтымақтастықты дамытуды көздеп отыр.