Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Халықтық құрылыс» бастамасының экономикалық міндеттермен қатар, елде жылдар бойы қордаланған құрылымдық мәселелерді шешуге бағытталғанын айтты. Мемлекет басшысы әлеуметтік саясатты қысқа мерзімді міндеттерді шешуден ұзақ мерзімді мақсаттарға бағдарлау қажеттігін атап өтті. Бұл туралы ол Жолдауда мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Президенттің айтуынша, халық санының өсуі мен ішкі көші-қон әлеуметтік нысандарға түсетін жүктемені арттырып отыр. Оның үстіне, көптеген нысан қазірдің өзінде шекті мүмкіндігімен жұмыс істеп тұр.
Мәселе кеше ғана пайда болған жоқ. Бұған дейінгі онжылдықтарда мемлекеттік басқарудағы қателіктер мен кемшіліктерді әлеуметтік көмекті көбейту, яғни азаматтардың көңілін табу арқылы бүркемелеу әдетке айналды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы мемлекеттік ресурстардың тиімсіз жұмсалғанын да айтты. Оның сөзінше, әлеуметтік төлемдер жеткілікті тұрмысы бар отбасыларға да беріліп, соның салдарынан қолжетімді мектептер мен ауруханалардың тапшылығы күшейген.
Бұл қоғамда патерналистік көзқарас пен масылдық көңіл күйдің артуына ықпал етті. Әлеуметтік қамсыздандыру жүйесінде теріс пайдаланушылық пен сыбайлас жемқорлық схемаларына да жол ашты, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев негізсіз жеңілдіктер мен төлемдердің шамадан тыс көп болуы мемлекеттік аппараттың институционалдық тұрғыдан жетілмегенін және елдің болашағын жоспарлауда ұзақ мерзімді көзқарастың жеткіліксіздігін көрсететінін атап өтті.
Бюджет қаражаты есебінен адамдарға жасалған жалған жақсылық – бұл халықтың мүддесі мен елдің тұрақты дамуына қарсы бағытталған түрлі айла-шарғыны циникалық тұрғыдан бүркемелейтін нағыз популизм, – деді Мемлекет басшысы.
Президенттің пікірінше, тек бүгінгі күннің мәселесімен шектеліп, стратегиялық көзқарас пен кең ауқымды мемлекеттік ойлау жүйесін қалыптастыра алмау ел дамуына кедергі келтіреді.
Сондықтан әлеуметтік саясатты түбегейлі қайта қарап, оны бір сәттік міндеттерді шешуден стратегиялық мақсаттарға қол жеткізуге бағыттау маңызды, – деп айтты Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев білім беру саласындағы реформалар мұғалімдердің жұмысын жеңілдетіп, артық жүктемесін азайтуға бағытталуы керек екенін айтты. Сондай-ақ мектептерде ұстаздарға дөрекі сөйлеу және күш қолдану жағдайларына жол бермеу қажеттігін атап өтті.