Топырақтағы артық ылғалдан сақтандыруға өтінім қабылдау мерзімі ұзартылды

Фермерлер сақтандыру шартын жасауға өтінімді "Kezekte.kz" платформасы арқылы бере алады.

 gov.kz Бүгiн 2026, 10:40
Бүгiн 2026, 10:40
178
Фото: gov.kz

Егін орағы кезінде топырақтағы артық ылғалдан туындайтын тәуекелдерден сақтандыруға өтінім қабылдау мерзімі 2026 жылғы 15 шілдеге дейін ұзартылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бұл туралы «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ мәлімдеді. Корпорацияның хабарлауынша, шешім ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге сақтандыру қызметіне қолжетімділікті арттыру және сақтандыру шартын рәсімдеуге қосымша уақыт беру мақсатында қабылданған.

Фермерлер сақтандыру шартын жасауға өтінімді "Kezekte.kz" платформасы арқылы бере алады.

Бағдарлама Абай, Ұлытау, Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарының ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілеріне арналған.

Сақтандыру қорғауы 2026 жылғы 15 тамыз бен 14 қазан аралығында қолданылады. Ол егін жинау кезеңінде топырақтағы шамадан тыс ылғал салдарынан туындауы мүмкін шығын тәуекелдерін қамтиды.

Өтінім беру, сақтандыру шартын жасау және сақтандыру төлемін алу рәсімдерінің барлығы "Kezekte.kz" платформасындағы "Qalqan" агросақтандыру ақпараттық жүйесі арқылы толықтай электрондық форматта жүргізіледі. Полисті рәсімдеу үшін электрондық цифрлық қолтаңба қажет.

Бағдарламаның маңызды артықшылықтарының бірі – мемлекеттік қолдау. Сақтандыру полисінің құнының 80 пайызын мемлекет субсидиялайды. Яғни фермер сақтандыру сыйлықақысының тек 20 пайызын ғана төлейді.

«Аграрлық несие корпорациясы» АҚ ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қолайсыз ауа райы жағдайларынан болатын тәуекелдерден өнімді қорғау үшін 2026 жылғы 15 шілдеге дейін сақтандыру полисін рәсімдеуге шақырды.

Наверх