Топар кентінде 18 отбасыға пәтер кілті табысталды

19 Наурыз 2021, 11:08
2170
Бөлісу:
Топар кентінде 18 отбасыға пәтер кілті табысталды

Қарағанды облысы, BAQ.KZ тілшісі. Абай ауданының Топар кентінде әлеуметтік жағынан осал топтарға жататын азаматтарға баспана кілті берілді. Тұрғын үй «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасының аясында салынған.

Аз қамтылған, толық емес және көпбалалы отбасыларға, мүгедектер мен жетім балаларға арналып салынған тұрғын үйдің құрылысына 200 млн 984 мың теңге жұмсалған.

Соңғы жылдары біздің ауданда құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Тұрғын үйлер, әлеуметтік нысандар, инженерлік-коммуналдық инфрақұрылымдар салынуда. Осы жұмыстардың нәтижесінде аудан тұрғындарының әл-ауқаты артып келеді. Мемлекет басшысының тапсырмасымен биылғы жылы тұрғын үй құрылысының көлемі екі есеге артты. Бүгінде тиімді мемлекеттік бағдарламаның арқасында халықтың әлеуметтік осал топтарын қолжетімді баспанамен қамту мүмкін болып отыр, - дейді Абай ауданы әкімінің міндетін атқарушы Мұрат Мағзин.

Пайдаланылуға берілген жаңа үйдің жалпы аумағы 2243 шаршы метрді құраса, пәтерлердің аумағы 893,8 шаршы метр. Тұрғын үйдегі 18 пәтердің 14-і екі бөлмелі, қалған төртеуі 4 бөлмелі пәтерлер. Тұрғын үй орталықтандырылған жылу, су, электр жүйелеріне қосылған.

Үш баланың анасымын. Біз жылдар бойы Топарда, Абай қаласында пәтер жалдап келдік. Тұрғын үй кезегінде он жылдан бері тұрмыз. Осы жерден баспана берілетіндігін естіген кезде қуанышымызда шек болмады. Тұрғын үйдің құрылысын үнемі бақылап, көріп жүрдік, - дейді баспаналы болған Топар кентінің тұрғыны Элеонора Томашевская.
Топар кентінде 18 отбасыға пәтер кілті табысталды

Архитектура, қала құрылысы және тұрғын үй құрылысы саласының мемлекеттік нормативтік талаптарына сәйкес тұрғын үй төртінші дәрежелі жайлылыққа ие. Пәтерлер жөндеуді қажет етпейді. Айта кетерлігі, аталған пәтерлер сатып алу құқығынсыз берілетін жалдамалы баспанаға жатады.


Өзгелердің жаңалығы