ТОП-3: Қазақстандықтар қарашада қандай көлікті көп сатып алды

Бүгiн, 13:09
129
Бөлісу:
ТОП-3: Қазақстандықтар қарашада қандай көлікті көп сатып алды
Фото: pixabay.com

"Қазақстанның Автокөлік Одағы" (ҚАО) берген мәліметі бойынша күздің соңғы айында 20 984 жеңіл автомобиль мен коммерциялық техника сатылған, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бұл былтырмен салыстырғанда 10,7% жоғары нәтиже. Жалпы 2024 жылдың 11 айында дилерлер 179 628 жаңа көліктің кілтін тапсырған.

Жыл аяғы – жаңа автомобиль алу үшін тамаша уақыт. Екі ай қатарынан нарықта 20 мыңнан астам машина сатылғаны тіркелді. Ресми дилерлер жаңа жылға қарсы ұсынып жатқан жеңілдіктерді пайдаланып, тиімі шартпен автомобиль алу мүмкіндігін жіберіп алмаңыздар, - деді ҚАО президенті Анар Мақашева.

Қарашада саудасы қызған брендтер көшін осымен екі ай қатарынан Chevrolet бастады. Бұл көлік былтырмен салыстырғанда 4,1%-ға жоғары, яғни 4 418 сатылған. Hyundai дилерлері 3 829 автомобиль сатты (+6,3%), 1 617 көлігі өткен Kia үшінші қатарға жайғасты (-23%), төртінші орын Chery-ге бұйырды (1 515; -24,4%). Бесінші қатардан көрінген Haval-дың нәтижесі – 1 451 (+89,4%). Toyota алтыншы орынға орналасты (1 211; -3,3%). Одан бөлек тізімде Geely (978; +116,4%), Changan (966; +100%) және Jetour (923; +48,9%) бар.

Қарашада ең танымал модельдердің үштігіне Chevrolet Cobalt (4 159), Hyundai Tucson (1 843) және алғаш рет Haval M6 (727) енді. Төртінші сатыға Hyundai Elantra (726) тұрақтады. Сонымен қатар тізімге Chery Tiggo 7 Pro (618), Chery Tiggo 4 (546), Toyota Camry (511), Hyundai Sonata (508), Changan CS55 Plus (466) және Kia Sportage (437) кірді.

Он бір ай қорытындысы бойынша брендтер арасында Hyundai (37 998) жеңімпаз атанды, екінші орын Chevrolet (26 463) еншісінде. 21 087 машинасы жолға шыққан Kia үштікті түйіндеді. Ал төртінші сатыға 13 491 автомобилі өткен Chery орналасты. Jac әлі де бесінші орынды ешкімге берер емес (10 143) Toyota алтыншы орынға орналасты (9 790). Содан соң Haval (9 672), Jetour (8 360), Changan (7 700) және Geely (7 237) тұр.

Өзгелердің жаңалығы