Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 2019 жылдың қыркүйек айында жалпыұлттық прокатқа шығып, ең көп касса жинаған отандық кинотуындылардың бірі "Томирис" фильмі алғаш рет телеэкраннан ұсынылады. Тарихи туындыны Тәуелсіздік мерекесіне орай "Qazaqstan" Ұлттық телеарнасы көрсетеді.
"Қазақстан" РТРК" АҚ баспасөз қызметінің мәліметінше, кинокартина Ш. Айманов атындағы "Қазақфильм" киностудиясы мен "Sataifilm" компаниясының бірлескен жобасы. Фильмде біздің заманымызға дейінгі VI ғасырда Парсы империясының патшасы Кирмен шайқасып, сақ тайпаларын өз билігінің астына біріктірген, аты аңызға айналған Томирис патшайымның тағдыры баяндалады.
Фильм "Qazaqstan" арнасынан 16 желтоқсан сағат 19:00-де көрсетіледі. Сонымен қатар, басты кейіпкер Томирис рөлін сомдаған актриса Альмира Тұрсын осы күні Ұлттық арнаның "Таңшолпан" бағдарламасына қатысады. Тікелей эфирдегі сұхбат сағат 08:30-ға жоспарланған, - делінген хабарламада.
Айта кетейік, "Qazaqstan" арнасы мерекелік кестесіне үздік отандық фильмдер керуенін енгізуді дәстүрге айналдырған. Тәуелсіздік күніне орай телерадиокорпорацияның төл өнімі "Орбұлақ шайқасы" телехикаясының тұсауы кесіледі. 8 сериялы тарихи туынды Ұлттық арна эфирінен 16-17 желтоқсан, сағат 14:50-де шығады.