Төлем жасау үшін QR-да, смартфон да керек емес. Өнертапқыштардың жаңалығы

Төлем жасау үшін QR-да, смартфон да керек емес. Өнертапқыштардың жаңалығы

Digital Bridge халықаралық технология аясында өткен көрмеде қазақтандық жас өнертапқыштар өздерінің стартап-жобаларымен таныстырды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.  

Izidos

Спортпен шұғылданатын жандарға арналған таптырмас жоба туралы стартап маркетологы Әйгерім Сағимұрат айтып берді. 

Izidos - спорт бағытындағы стартап. Жалпы, атауына үңілсек, easy ағылшынның оңай деген, ал dos өзіміздің ана тілімізден алынған сөз. Яғни, қосымша арқылы оңай дос  табуды көздейтін спортшыларға арналған. Мәселен, сіздің футбол ойнағыңыз келеді, алайда командаңыз жоқ немесе дайын алаңыңыз бар бірақ ойыншыларыңыз болмаса, қосымшаның көмегінен таба аласыз, - дейді ол. 

Сондай-ақ Әйгерім Сағимұраттың айтуынша, қосымшаның тағы бір ерекшелігі сапалы маман табуға көмектеседі. 

Спортпен шұғылданғысы келетін жастарымыз көп. Алайда, өзіне лайық жаттықтырушы таба алмай жатады. Біздің қосымшада спорт жаттықтырушыларына арналған бөлім қарастырылған. Онда мамандардың біліктілігі арқылы рейтингі жасақталады. Кейін қандай спортты бастаймын деген әрбір адам өзіне сенімді маманды таңдай алады. Сонымен бірге елімізде ауқымды іс-шаралар жиі өткізіледі. Біздің Izidos-тың көмегімен мұндай маңызды іс-шараларға ұйымдастырушылар мен алаңдарды оңай табуға болады. Өйткені байқайтынымыз, көбі сайттардың көмегімен тіркеліп, қиын жолын іздеп жатады. Біз бұл қосымшаны осы айдың ішінде мобильдік сервистерге қосамыз, -деді маркетолог.

Бәрі алақанмен төленеді

Отандық ІТ мамандар адам биометриясын танитын жоба ойлап тапты. Онда қазіргідей төлем картасы немесе QR арқылы емес құр адам қолының ғана көмегімен кез келген затты төлей аласыз.  

Alaqan Technology компаниясының техникалық директоры Қанат Сәрсембаев стартап туралы айтып берді. 

Бұл стартап алақан тамырының суреті арқылы жасалатын биометрия. Адамның алақанының ешқандай аналогы жоқ. Тіпті оң қол мен сол қолының да тамырлары бір-біріне ұқсамайды. Әр адамда әртүрлі болып келеді. Қазіргі таңда ең сапалы биометрия - алақан тамырлары. Жүйеге бір рет алақаныңыздың сканерін енгізсеңіз болды өмір бойы қолдаунға болады, - деді Қанат Сәрсембаев. 

Төлем картасын жүйеге енгізуге болатын қосымша әзірлеген. Осылайша, қосымша сауда жасаған, есік ашқан немесе турникеттен өткен адам нақты кім екенін анықтап көрсете алатын мүмкіндікке ие. 

Алақан тамырлары өмірге келгеннен бастап тек өлшемі өзгеріп отырады. Біз өз жобамызда алақанды басты құралға айналдырамыз. Мобильдік қосымша арқылы сіздің қолыңызды сканерден өткізіп, тіркейміз. Ол арқылы қосымшада сіздің банк картаңыздың нөмірі жәнеде басқа да ақпараттарды да сақтаймыз. Мысалы, сіздің жолда ұялы телефоныңыз өшіп қалуы мүмкін немесе банк картаңызды жолғалтып алуыңыз ғажап емес. Ал біздің Alaqan қосымшасында смартфон, банк картаңыз да қажет емес. Дүкенге кіріп бәрін қолыңызды қойып қана төлей бересіз, - деді компания өкілі. 

Aqylym

Келесі жобаны 11 сыныптың оқушылары ойлап тапқан. Aqylym стартапының негізін қалаушы Асылай Сәрсенбаева жобаның жасалуына не түрткі болғанын айтты.

Біздің мобильдік қосымшамыз аутизммен ауыратын балалармен мен жасөспірімдерге арналған құрылғы. Оның ішінде аталған жандарға арналған аудио кітаптар сонымен бірге есту мен көру қабілеті нашар балаларға арнайы бағдарламалар бар. Біз жасанды интеллектің көмегімен балалардың  эмоционалдық жағдайын қосымша арқылы бақылап ата-анасының аккаунтына жіберіп отырамыз. Жылдың аяғына дейін мобильдік сервистерге енгіземіз, - деді  Асылай Сәрсенбаева. 

Ол жобаның 8-12 жас аралығында балаларға арналғанын атап өтті. 

Қазіргі уақытта тілі кеш шығып жататын балалар көп. Біз өз қосымшамызда олардың дамуына септігін тигізетін ойындарды қарастырдық.  Қазіргі уақытта медициналық қызмет алу қымбатқа соғады. Бәрінің мамандарды шақырып, балаларын қаратуға шамасы жетпейді. Біз бұл Aqylym жобасын осы мәселенің алдын алу үшін ойлап таптық. Ең алдымен балаңызды қосымшаға тіркейсіз. Кейін ол пайдалы ойындар ойнау, суреттер салу және кітаптар оқу арқылы прогрессі анықталады. Яғни, бала қанша уақытта аяқтады, неше сағат жұмыс істегені туралы ақпараттар ата-анасына жеке мәлімет ретінде беріліп отырады. Сонымен бірге қосымшада пайдалы кеңестерді де оқуға болады, - дейді Aqylym-ның негізін қалаушылар.


Фото: Артём Чурсинов