Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. 2020 жылы Жапония астанасында төрт жылдықтың басты додасы ХХХII жазғы Олимпиада ойындары өтеді. Осы ретте Қазақстан құрамасы сапынан қандай спортшылар жолдама алып үлгергенін жазбақшымыз.
Әзірге Қазақстан құрамасы 12 лицензияға бар. Ришат Хайбуллин (спорттық құзға өрмелеу), Дмитрий Баландин (100,200 метрге брасс әдісімен жүзу), Ольга Рыпакова, Георгий Шейко (жеңіл атлетика), Евгений Гидич (велоспорт), классикалық түрде садақ атудан Қазақстан ерлер командасы (Денис Ганькин, Ильфа Абдуллин, Санжар Мұсаев) және Виталий Худяков (ашық суда жүзу) Олимпиадаға қатысу нормативін орындап үлгерді.
Алғашқы жолдама иегері – Георгий Шейко
Алғаш болып Олимпиада жолдамасына жеңіл атлет Георгий Шейко қол жеткізді.
Жапонияның Номи қаласында жыл сайын наурыз айының орта тұсында спорттық жүрістен Азия чемпионаты өтіп тұрады. Осы жарыстың тұрақты қатысушыларының бірі – Георгий Шейко.
Ол бұған дейін бірнеше рет күміс пен қола жүлделерді жеңіп алған. Нақтырақ айтсақ, биыл төртінші рет қатысты. 2016 және 2018 жылдары қола жүлдеге ие болса, 2017 жылы екінші орын алған.
Былтыр 20 шақырымдық қашықтықты 1:21:57 сағатта жүріп өткен болатын. Биыл ол көрсеткішін жақсарта алды. Жерлесіміз мәре сызығын 1 сағат 20 минут 21 секундта қиды. Шейконың алдын тек жапондық Тошиказа Яманиши орап кетті (1:17:15).
Георгий Шейко Азия чемпионатының күміс жүлдесінен бөлек, келесі жылы Токиода өтетін Олимпиада ойындарына Қазақстан спортшыларының арасынан алғаш болып жолдаманы жеңіп алды.
Лицензияға ертерек қол жеткізген Олимпиада чемпиондары
Токио Олимпиада жолдама алғандар арасында бұған дейін 4 жылдықтың басты додасында топ жарып көрген чемпиондарымыз да бар. Тағы бір мәрте бақ сынауға құлшынып отырған екі спортшымыз лицензияға ертерек қол жеткізді.
Оның бірі – үш қарғып секіруші Ольга Рыпакова. Ол 30 маусым күні Алматыда өткен Қазақстан кубогында Рыпакова Олимпиада ойындарының нормативін орындады. Рыпакова аталған жарыста 14.37 метрді бағындырды. Бұл көрсеткіш Олимпиада нормативін орындауға жеткілікті болды (14.20 метр).
Тәуелсіз Қазақстан тарихында суға жүзуден тұңғыш Олимпиада алтынын жеңіп алған Дмитрий Баландин де Токиоға барады. Ол 100 және 200 метрге брасс әдісімен жүзуден лицензияға қол жеткізді.
Спортшы 21 шілдеде Кванджуда өткен су спорты түрлерінен әлем чемпионатында Дмитрий Баландин 2020 жылғы Токио Олимпиадасының нормативін орындады.
20 жылдан кейін садақ атушыларымыз командалық сында қатысады
Биыл садақ атушыларымыз қуантты. Нидерландыда өткен әлем чемпионатында командалық сайыста Олимпиада ойындарына лицензиясына қол жеткізді. Әлем чемпионатында Денис Ганькин, Санжар Мұсаев, Ильфат Абдулин 1/8 финалда Рио Олимпиадасының күміс жүлдегерлері АҚШ садақшыларын 6:0 есебімен жеңді. Лицензияны иелену үшін әлем чемпионатының ширек финалына шықса жеткілікті болатын. Сол жоспар осы біріншілікте орындалды. Соңғы рет командалық сайыста сонау 2000 жылы Сиднейдегі Олимпиада ойындарына қатысқан едік.
Жалпы, садақ атудан 4 жолдама бар. Аталған үш спортшы жекелей сында да өнер көрсетеді.
"Токио ойындарына лицензия алғанымыз үшін өте қуаныштымыз. Бізге енді дайындық үшін уақыт берілді. Бұйырса, еліміздің үмітін ақтаймыз. Олимпиада жолдамасы төртжылдық ойынында жеңіске жетсем деген әр спортшыны арманына бір қадам жақындатады. Бірақ Олимпиадаға барудан бұрын, лицензия алудың да қиын екенін айтқым келеді. Біз бапкерлердің жол көрсетуі арқылы қиындықты жеңіп, жолдама алдық. Енді Олимпиадада жеңіске жетсек деген мақсатымыз бар. Қазір дайындық өте қызу өтуде. Еш босаңсуға болмайды. Осы орайда, барша жанкүйерден қолдау күтеміз. Елімнің, жерімнің атын шығару мен үшін үлкен абырой", - дейді команда мүшесі Санжар Мұсаев.
Апалы-сіңілі Немичтер де бар
Синхронды жүзуден Қазақстан командасының мүшелері Александра және Екатерина Немичтер де Токио төрінде бақ сынайды.
Олар Кванджуда өткен 2019 жылғы әлем чемпионатының қорытындысы бойынша лицензияға иелік етті.
1. Георгий Шейко (24.08.1989) – спорттық жүріс (жеңіл атлетика)
2. Ольга Рыпакова (30.11.1984) – үш қарғып секіру (жеңіл атлетика)
3. Виталий Худяков (07.08.1994) – ашық суда жүзу
4. Дмитрий Баландин (04.04.1995) – суға жүзу (2 лицензия, 100 және 200 метрге жүзу)
5. Велошоссе (командалық) – 1 лицензия
6. Садақ ату – 4 жолдама (Денис Ганькин, Ильфа Абдуллин, Санжар Мұсаев және командалық сайыс)
7. Александра және Екатерина Немичтер (03.01.1995) – синхронды жүзу
8. Ришат Хайбуллин (21.09.1995) – құзға өрмелеу.