Төрт елдің басшылары мемлекетаралық ынтымақтастықтың қазіргі жағдайын талқылады

30 Желтоқсан 2020, 16:26
1802
Бөлісу:
Төрт елдің басшылары мемлекетаралық ынтымақтастықтың қазіргі жағдайын талқылады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Президент бірқатар мемлекеттер басшыларымен телефон арқылы сөйлесті, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.

Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путинмен, Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёевпен және Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонмен телефон арқылы сұхбаттасты.

Президент Владимир Путинмен әңгіме барысында тараптар Қазақстан мен Ресей арасындағы барлық бағыт бойынша екіжақты қарым-қатынастардың дамуы оң динамикада, стратегиялық әріптестік және одақтастық сипатында өрбіп келе жатқанын атап өтті.

Қазақстан мен Ресей COVID-19 індетінің зардаптарын еңсеру, көпжақты құрылымдар аясындағы жұмыстарды үйлестіру бойынша өзара тиімді ынтымақтасты одан әрі нығайтуға бейілді екендерін нақтылады. Владимир Путин бауырлас Қазақстан халқына жаңажылдық құттықтауы мен ізгі тілегін жеткізуді сұрады.

Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевпен сұхбат кезінде берік бауырластыққа және тату көршілікке негізделген қазақ-өзбек серіктестігін тереңдету ісіне оң баға берілді.

Мемлекет басшылары биылғы жылдың қорытындыларын жоғары бағалап, саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды кеңейту үшін күш біріктірудің, сондай-ақ, Орталық Азиядағы аймақтық ұжымдасудың маңыздылығын айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёев бір-бірін Жаңа жылмен құттықтап, жүрекжарды тілектерін айтты.

Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонмен әңгіме барысында Қазақстан Президенті дамудың жоғары қарқынын көрсетіп отырған мемлекетаралық ынтымақтастықтың қазіргі жағдайын оң бағалады. Тәжікстан Президенті екі елдің халықаралық аренада одақтас және барлық бағыт бойынша екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға мүдделі екенін атап өтті. Мемлекет басшылары бір-бірін Жаңа жылмен құттықтады, - делінген хабарламада.

Өзгелердің жаңалығы