Тоқаев Орталық Азиядағы өңірлік кооперация мәселелеріне ерекше назар аударды

9 Маусым 2021, 16:03
8827
Бөлісу:
Тоқаев Орталық Азиядағы өңірлік кооперация мәселелеріне ерекше назар аударды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қасым-Жомарт Тоқаевтың тиімді басшылығымен Қазақстанның сыртқы саяси қызметі оның президенттігінің 2 жылы ішінде мемлекеттің одан әрі дамуы мен өркендеуі үшін маңызды мәнге ие айтулы оқиғаларға толы болды, деді ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ халықаралық зерттеулер бөлімінің басшысы Әсел Назарбетова.

Әлемдік саясаттың қазіргі үрдістеріне сәйкес елдің сыртқы саяси бағытына жаңа динамика енгізу қажеттілігі өсуде, бұл алдағы уақытта да Қазақстанның халықаралық аренадағы дәйекті және болжамды әріптес ретіндегі беделін нығайтуға ықпал ететін болады. Мемлекет басшысы ұлықтау рәсімінде сөйлеген сөзінде бұл месседжді тағы да атап өтті: «Біз ұлттық мүдделерді әлемдік аренада нық ілгерілететін боламыз. Елдің сыртқы саяси қызметі елге, ұлттық бизнеске және әрбір азаматқа нақты пайда әкелетін болады».

Жоғарыда көрсетілген қағидаттарды негізге ала отырып, Мемлекет басшысы 2020 жылғы наурызда қол қойған Қазақстанның 2020-2030 жылдарға арналған сыртқы саясатының Тұжырымдамасы әзірленді. Стратегиялық құжат Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың сыртқы саяси бағытының сабақтастығы, сондай-ақ көп векторлы, прагматизм және белсенділік қағидаттары негізінде елдің сыртқы саясатын іске асыруды регламенттейді, - деді Әсел Назарбетова.

Президенттіктің алғашқы күндерінен бастап Қазақстан басшысы Қ.К. Тоқаев Қазақстанның стратегиялық серіктестерімен, оның ішінде Ресей Федерация, Қытай Халық Республикасы, Америка Құрама Штаттары, Еуропалық Одақ, Орталық Азия мемлекеттерімен өзара тиімді ынтымақтастығын нығайтуға белсенді түрде ықпал етуде. Қазақстан Президентінің 2019 жылғы 3-4 сәуірде Ресей Федерациясына, 2019 жылғы 14 сәуірде Өзбекстан Республикасына, 2019 жылғы 11-12 қыркүйекте Қытай Халық Республикасына, 2019 жылғы 27-28 қарашада Қырғызстанға, 2019 жылғы 5-6 желтоқсанда Германия Федеративтік Республикасына, 2020 жылғы 27-28 қаңтарда Біріккен Араб Әмірліктерінде ресми және мемлекеттік сапарлары символдық сипатқа ие болды, олардың шеңберінде екіжақты өзара іс-қимылды кеңейту жөніндегі құжаттарға қол қойылды.

Қ.К.Тоқаевтың президенттігі кезіндегі маңызды сыртқы саяси оқиғалардың ішінен 2019 жылдың 24 қыркүйегіндегі Нью-Йорк қаласында (АҚШ) өткен БҰҰ Бас Ассамблеясының 74-сессиясының Жалпы дебаттарын ерекше атап өткен жөн. Мемлекет басшысы ретінде сөйлеген сөзінде Қасым-Жомарт Тоқаев ядролық қарудан азат әлем құру туралы Жалпыға бірдей декларацияны ілгерілету қажеттігін, ядролық қарудан азат аймақтар арасындағы ынтымақтастықты кеңейтуге және осындай аймақтарды құруға деген ұмтылысымызды, АӨСШК-ті қауіпсіздік пен даму жөніндегі толыққанды өңірлік ұйымға айналдырудың өзектілігін атап өтті, сондай-ақ Орталық Азия елдері мен Ауғанстанға жәрдем көрсету мандатымен Алматыда БҰҰ-ның ТДМ жөніндегі орталығын құру туралы ұсыныс жасады, - деді ол.

Сонымен қатар, Қазақстан Президенті Қ.К. Тоқаев 2020 жылғы 15 ақпанда қауіпсіздік жөніндегі Мюнхендегі беделді конференцияға қатысып, өз сөзінде Орталық Азияның жаһандық геосаясаттағы рөліне, Қазақстанның сыртқы саяси басымдықтарына, өңірлік қауіпсіздік проблемаларына назар аударды.

Аяқталуын болжау қиын болып тұрған коронавирус пандемиясымен байланысты бүгінде әлем ауқымды дағдарысқа тап болды. Қазіргі уақытта барлық елдер санитарлық дағдарыстың әлемдік қоғамдастыққа теріс әсеріне алаңдаулы, мемлекеттердің күш-жігері эпидемиологиялық және экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған. Бұл жағдайда әлем мемлекеттері, халықаралық институттар мен ұйымдар тығыз ынтымақтастықта жұмыс істеп, COVID-19 таралуына қарсы күштерін біріктіріп, бір-біріне гуманитарлық көмек көрсетуде. Сондай-ақ Қазақстан қырғыз азаматтарын коронавирустың таралу ошақтарынан Отанына қайтару кезінде көмек көрсетіп, сонымен қатар қазақстан-қырғыз шекарасы арқылы жүктердің транзитіне жәрдем көрсете отырып, осы процестерден тыс қалған жоқ. Қырғызстан мен Тәжікстанға 5 мың тонна ұн түрінде гуманитарлық көмек көрсетілді.

Күш-жігерді үйлестіру шеңберінде Мемлекет басшысы түрлі халықаралық алаңдардың жұмысына белсенді қатысуда, олардың мақсаты «ковидтан кейінгі» әлемдік тәртіпті талқылау болып табылады: мысалы, 2021 жылғы 25 мамырдағы өндіруші салалар мәселелері жөніндегі Жаһандық дөңгелек үстел, 2021 жылғы 31 мамырдағы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ассамблеясының 74-сессиясы, 2021 жылғы 29 наурыздағы Халықаралық қарыз архитектурасы және өтімділік виртуалды форумы, - деді маман.

ҚР Президенті Орталық Азиядағы өңірлік кооперация мәселелеріне ерекше назар аударады. 2021 жылдың ең жоғары деңгейдегі алғашқы офлайн кездесулері 2-3 наурызда Нұр-Сұлтанда Қырғызстанның жаңадан сайланған президенті С.Жапаровтың ресми сапары барысында және 19-20 мамырда Қ.К. Тоқаевтың Душанбеге ресми сапары барысында Орталық Азия мемлекеттерінің көшбасшыларымен болғаны кездейсоқ емес. 4 наурызда онлайн өткен Экономикалық ынтымақтастық ұйымының 14-ші саммитінде ҚР Президенті пандемиядан кейінгі кезеңде барған сайын өзекті болып отырған Орталық Азия кеңістігіндегі инфрақұрылымдық жобалар бойынша бірлескен жұмыстың маңыздылығын атап өтті.

Еуразиялық кеңістіктегі интеграция, әсіресе дағдарыс кезеңінде өзекті бола түсуде. Пандемия қызған кездің өзінде ЕАЭО институттарының тұрақты онлайн-отырыстары өтті, олардың барысында мүше елдердің экономикасы үшін шығындарды азайту тетіктері мен құралдары талқыланды. Қ.К. Тоқаев осы алаңда тауар айналымының өсуі және сауда преференцияларын енгізу есебінен Қазақстан үшін интеграциядан түсетін пайданы кеңейтуге ұмтылуда. Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің 2021 жылғы 11 желтоқсандағы кезекті отырысында ол: «Теріс үрдістер Одақ шеңберіндегі саудаға да әсер етті. Өзара сауда ағымдағы жылдың 9 айында 13%-ға төмендеп, 39 млрд АҚШ долларын құрады. Еуразиялық экономикалық одақтың үшінші елдермен тауар айналымы 19%-ға төмендеп, 447 млрд АҚШ долларын құрады. Осының барлығы тиімді өзара іс-қимылдың, өсу резервтерін іздеудің және біздің Одақтың экономикалық әлеуетін ашудың шұғыл міндетін қойып отыр», - деп атап өтті.

Осылайша, тарихи сынақ кезінде, жаһандық және ұлттық ауқымдағы қауіп-қатерге тап болған кезде Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К. Тоқаев өзінің іс-әрекеттерінде жігерлі, жауапты және салмақты Мемлекет басшысы ретінде шынайы қасиеттерді көрсетуде. Шет елдердің басшылары Қазақстан Президентінің елде COVID-19 одан әрі таралуының алдын алу жөніндегі іс жүзіндегі іс-әрекеттері мен шешімдеріне, сондай-ақ Қазақстан қабылдап жатқан дағдарысқа қарсы барлық шараларға жоғары баға беріп, олардың пандемия жағдайында халық пен елдің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге уақтылығы мен бағыттылығын атап өтті.

Қазақстан Президенті Қ.К. Тоқаев Халықаралық қатынастар және дипломатия саласындағы көп жылдық тәжірибесі бар кәсіпқой ретінде қазіргі жаһандық дағдарыстың барлық ұзақ мерзімді салдарын терең түсініп, көруде, бұл біздің елімізге халықаралық күн тәртібінің тамырына нық сеніммен қарауға және Қазақстанның ұлттық мүдделерін толық ескеретін салмақты шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді.

Өткен 2 жыл ішінде ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев тату көршілік, өзара тиімді әріптестік және халықаралық құқықты сақтау қағидаттарын қатаң ұстанатын субъект ретінде Қазақстанның әлемдік аренадағы рөлін растады, ал іске асырылып жатқан сыртқы саясат, әсіресе пандемия кезеңінде республикамыздың қазіргі заманғы әлемнің кез келген күрделі процестеріне уақтылы және тиімді әрекет ету қабілетін көрсетті, - деді Әсел Назарбетова.


Өзгелердің жаңалығы